27 там, 2022 сағат 19:34

Бір жыл ішінде Қазақстанда рубльге деген сұраныс он есе төмендеген


Ұлттық банк 2022 жылдың шілде айындағы қаржы нарығындағы ахуалмен таныстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

2022 жылғы шілдеде теңгенің биржалық бағамы 1 АҚШ доллары үшін 464,39 – 484,62 теңге аралығында өзгерді. Шілденің соңында ол бір айда 1,5%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 477,07 теңге болды. 

Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 10,2 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,4 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 7,9 млрд АҚШ доллары болды. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 84,3% немесе 6,6 млрд АҚШ долларын құрады (2022 жылғы маусымда – 81,8% немесе 8,2 млрд АҚШ доллары), бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы немесе ұсынысы арақатынасына әсер етпейді.

2022 жылғы шілдеде халық нетто-негізде 125,4 млрд теңгеге баламалы сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Алдыңғы аймен салыстырғанда, бұл шығыстар 37,1%-ға ұлғайды (2022 жылғы маусымда – 91,5 млрд теңге), 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда (266,2 млрд теңге), нетто-сатып алу көлемі 2,1 есе төмендеді. Шығыстардың негізгі көлемі 65,5% немесе 82,2 млрд теңге – АҚШ долларын, 5,3% немесе 6,7 млрд теңге – Ресей рублін, 28,9% немесе 36,2 млрд теңге – еуроны сатып алуға бағытталды.

Валюталардың түрлеріне қарай бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыстар 1,9 есе өсті (төмендеу 2,0 есе ж/ж), Ресей рублін сатып алуға арналған шығыстар 2,2 есе төмендеп (төмендеу 9,9 есе ж/ж), еуроны сатып алуға арналған шығыстар 8,0%-ға өсті (өсу 12,3% ж/ж).