16 мау, 2022 сағат 16:01

Бір үйір жылқыны Ақмоладан Жамбыл облысына ұрлап әкеткен барымташылар ұсталды


Ақмоладан Жамбыл облысына бір үйір жылқыны ұрлап әкеткен барымташылар тобы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, маусымның 10-да жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Байсары ауылының тұрғындарына тиесілі 36 бас жылқы ұрлаған күдіктілер ұсталған. 

Ұрлықтан мал иелеріне келген шығын - 17 миллион 750 мың теңгеге бағаланды. 

«Қылмыстық топтың құрамында 31-36 жас аралығындағы Жамбыл облысының тұрғындары және шетел азаматтары бар. Күдіктілердің бәрі уақытша изоляторға қамалды. Анықталғандай, барымташылар жайылымда жүрген 36 бас жылқыны жүк газелі мен тіркемесі бар «Scania» жабық жүк көлігіне артып Жамбыл облысының Байзақ ауданына алып кеткен. Кейін күдіктілер жылқыларды жергілікті «АСА-ЕР» базарында сатқан», - деді ведомстводан.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 188-1-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды.