Алматыда өткен түнде екі жеңіл авто мен жедел жәрдем көлігін ұрлаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, Құлжа трактісіндегі тұрғын үй кешенінің аумағынан BMW маркалы автокөлікті айдап әкету туралы алғашқы хабарлама полицияға 21.45-те түскен. Ауладан шыққан ұры Audi-мен соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Назар аударыңыз! Видеода балағат сөздер айтылған.
Ол ұрланған көлікпен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласына жетіп, қарсы бағытқа шығып, Toyota автокөлігімен соқтығысқан. Алайда ұры оқиға орнынан жаяу ізін суытқан. Содан кейін ол 28 жастағы қыздан Nissan көлігін күшпен тартып алып, тасжолда аударылған. Куәгерлер жедел жәрдем шақырған кезде ер адам жедел жәрдем көлігін де айдап кеткен.
"Куәгерлер жедел жәрдем шақырды. Ал ұры медициналық бригада көлігін де айдап кетті. Ол облыстық жедел жәрдем станциясына тиесілі Jac Sunray-мен қалаға кіргенде бірден патрульдік полиция экипажы ұстады", - деп нақтылады Алматы полициясы.
Медициналық куәландыру 1994 жылы туған күдікті есірткі қабылдағанын көрсетті. Қазір ол қамауда отыр. Полиция ұрлық фактісі бойынша бірден үш қылмыстық іс қозғады.
892 рет оқылды