18 сәу, 2022 сағат 10:50

Бір күнде 22 мың адам. Украинадан кеткендерден елге оралғандар саны алғаш рет асып отыр​

Польша мен Украина шекарасынан өтіп бара жатқан адамдар. Көрнекі сурет.

Польша шекара қызметінің дерегінше, 16 сәуірде Украинаға 22 мың адам оралған. Ал сол күні Украинадан 19200 адам Польшаға өткен. Яғни, соғыс басталған 24 ақпаннан бері Украина аумағынан шыққандар санынан оралғандар саны алғаш рет асып отыр. Бұл туралы ВВС хабарлады, деп жазады Азаттық.

Украинаға оралғандардың көбі туыстарымен жүздесу үшін бірнеше күнге ғана келген, олар шекара маңынан алысқа ұзамағанды жөн көреді. Алайда елде қалу үшін оралып жатқандар да бар. Өткен аптада Киев мэрі Виталий Кличко Ресей армиясы басқыншылық шабуылын жалғастырып жатқандықтан, мекен-жайын тастап кетуге мәжбүр болған украин азаматтарына үйге оралу әлі де қауіпті екенін ескерткен.

БҰҰ дерегінше, Ресей соғыс ашқалы бері Украинаның 4,8 млн-ға жуық азаматы елден кетуге мәжбүр болған. Содан бері 650 мыңнан астам адам Украинаға оралған.

7 млн-нан астам адам үй-жайын тастап, елдің шекара аймағына қоныс аударуға мәжбүр болған.