Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңгенің айырбас бағамына қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 30 қыркүйектегі сауда-саттықтың ашылуында бір доллар үшін 431 теңге белгісінен асты және алдыңғы күннің жабылуымен салыстырғанда 0,4%-ға әлсіреді.
«Мұнай бағасының құлдырауы ұлттық валютаны әлсіретті және нарықтың бұдан былайғы перспективалары мен көмірсутектерге сұранысқа қауіп төндіреді.
Коронавирустық инфекциямен ауыру жағдайларының ұлғаюы аясында әлемде отынға орнықты сұраныстың ұзақ уақыт бойы қалпына келу және әлемдік экономиканың өсу тәуекелдері күшейді. Көптеген экономистер мен нарық ойыншыларының күтулері бойынша мұнайды тұтынудың айтарлықтай өсуі кейінгі 1,5-2 жылда ғана орын алмақ. Сонымен қатар, Ливияда шикізат өндірудің әлеуетті қалпына келтірілуі мұнай бағасын белгілеуге қысым көрсетті», - деді Әлия Молдабекова.
Нәтижесінде 29 қыркүйекте Brent сұрыпты мұнай баррелінің құны $42,43 доллардан $41,03 долларға дейін немесе 3,3%-ға, ал WTI сұрыпты мұнай баррелінің құны $40,6 доллардан $39,29 долларға немесе 3,2%-ға төмендеп, $40 долларға жетті.
Ұлттық банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, Brent $40,54 доллар деңгейінде саудаланады, бұл айдың басындағы деңгейден 10,5%-ға төмен. Осы кезеңде теңге бағамы 431,64-ке дейін 2,7%-ға әлсіреді.
Жалпы алғанда, әлемдік қаржы нарығында құбылмалылықтың өсуі және жаһандық «risk-off» байқалады, бұл дамушы нарықтар валюталарының теріс серпініне әсер етеді. Айдың басынан бастап түрік лирасы 6,7%-ға, Бразилия реалы мен Мексика песосы 2,6%-ға құнсызданды. Ресей рублі қыркүйек айының басынан бері 6,6%-ға айтарлықтай төмендеді.
29 қыркүйекте Ресей рублі ең төменгі көрсеткіш 79,97-ге жетті. Рубль бағамының әлсіреуі геосаяси тәуекелдердің өсуіне және ЕО санкциялық тізімдерінің кеңею ықтималдығы туралы хабарларға байланысты болды.