20 сәу, 2022 сағат 14:56

Бір әскери парад өткізуге шамамен 4 млрд теңге кетеді – Қорғаныс министрі


ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстанда әскери парад ұйымдастыруға қатысты туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы Күштерінің алдында маңызды міндеттер тұр. Оларды Жоғарғы Бас қолбасшы айқындап берді. Бәрін жүзеге асыру және бюджеттен қаражат сұрау – бәрін шығын. Мәселен, жанар-жағармай материалдары, іссапар шығындары, жеке құрамның тамақтануы бар. Жақында ғана оқу-жаттығуды аяқтадық. Мұнда бізге қайсысы маңызды – оқу-жаттығу өткізіп, жауынгерлік әзірлігімізді тексеру ме әлде шеру жасау ма? Бұл ретте біз Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмаларын іске асыруды ескеріп, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығымен айналысқан орынды деп санаймыз», - деді Қорғаныс министрі Мәжіліс отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында. 

Министр 7 мамыр – ҚР Қарулы Күштері күні мен 9 мамырды шатастырмау қажеттігін айтты. 

«Шеру Жеңіс Күніне емес, Қарулы Күштердің 30 жылдығына арналған еді. Бұл айырмашылықты салыстырып көріңіздер. Жеңіс күніне ардагерлерімізге құрмет көрсететін іс-шаралар жоспарланған. Олардың бәрі өткізіледі. Атқарушы билік органдары ардагерлерге жоспарлы түрде төлем жасайды. Біз оларға құрмет көрсетеміз және құттықтаймыз», - деп атап өтті Жақсылықов. 

Сонымен бірге ведомство басшысы «Қазақстан бұдан былай парад өткізбейтін болды ма?» деген сұраққа жауап берді. 

«Бәріміз түсінеміз, шеру өткізу – патриоттық сезімді көрсетудің бір жолы. Бұған дейін пандемия болғанын білесіздер, онда шеру жасайтын қажеттілік болмады. Ал қазір біз жауынгерлік әзірлікті арттырумен айналысып жатырмыз. Келесі жылы экономикалық жағдайымыз мүмкіндік беріп жатса, шеру өткіземіз. (...) Жалпы бір шеру өткізуге орта есеппен 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады», - деп түсіндірді Қорғаныс министрі. 

Айта кетейік, биыл Нұр-Сұлтан қаласында Жеңіс күніне арналған әскери парад ұйымдастырылмайды.

Қорғаныс министрлігі мұны бюджет қаражатын үнемдеу үшін, сондай-ақ басқа да міндеттерді шешу қажеттігіне байланысты деп түсіндірді.