07 нау, 2021 сағат 10:00

«Білім сапасы білікті ұстазға байланысты»

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағ­дайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгер­туге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді», – деп атап көрсеткен. Қазіргі таңда жаңаша талаптарға сәйкес мұғалім өз біліктілігін үнемі дамытып отыруы тиіс. Осы аталған талапқа сай келетін ұстаз Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әл-Фараби атындағы орта мектепте қызмет атқарады.

Салимбаева Бұлбұл Төлеубекқызы 01.02.1970 жылы Семей облысы (қазіргі ШҚО) Жарма ауданында дүниеге келген. 1977-1987 жылдары Жарма станциясы П.И.Теряев атындағы №61 орта мектепте оқыған. Мектептегі  барлық іс-шараларға белсенді қатысып, комсорг болған («кластастар арасында әлі күнге дейін «комсоргпын», - деп күледі Бұлбұл Төлеубекқызы).

Мектепті   бітірген  соң  Алматыға  пединститутқа түсуге келіп, алайда мектептен ұсыныс хат болмағандықтан, басқа мамандыққа түсуіне тура келеді. Осылайша, Алматы жолқұрылыс институтына (УКСДИ) қабылданады. Араға жыл салып педагог болу мақсатында Есік педагогикалық колледжін сырттай оқып бітіреді. Кейінірек Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік университетін (аталған мамандық бойынша) тамамдайды. Бұлбұл Төлеубекқызының сөзінше 4 оқу орнын аяқтапты, ең қызығы бәрінде ешбір қиындықсыз емтиханнан өтіп отырған екен.

1999 жылы Серік ағамен отбасын құрады, Нұрым атты студент ұлы бар. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы орта мектепте 27 жылдай бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарып келеді.

 Енді Бұлбұл Төлеубекқызымен болған сұқбатты ұсынсақ:

- Бұл мектепке қашан, қалай келдіңіз? Неліктен бастауыш сынып мұғалімі болуды таңдадыңыз?

- 1994 жылдан бастап осы Әл-Фараби орта мектебіне бастауыш сынып мұғалімі боп жұмысқа тұрдым. Осылай арманымдағы қиындығы мен қызығы бірге жүретін ұстаздық еңбек жолымды бастап кеттім. Негізі, әкем марқұм «қызым, мұғалім болғаныңды қалаймын» деп үнемі айтатын еді.

Әкемнің арманын орындадым, өзімнің де көздегенім осы еді. Мен балалармен жұмыс жасағанды жаным сүйеді. Сондықтан да осы мамандықты таңдадым ғой деймін. Бір естелік ойыма түсіп отыр. Ол кезде қыркүйекте жұмысқа енді орналасқан жас маманмын, маған қараша айында аудандық семинарға сабақ бересің деген тапсырма берілді. Ол кезде бастауыш орыс сыныптарымен бір әдістемелік бірлестікте болатынбыз. Галина Александровна, Зинаида Кирилловна, Галина Ивановна және керемет ұстаз, сол кезде мектептің әдіскері қазақ тілі маманы Гуля Сатыбаевна секілді әріптестерімнің көмегімен аудандық семинарға берген алғашқы сабағым «өте жақсы» деген бағаланды. Қызығы, ашық  сабағым аяқталып, дәлізге шықсам әкем тұр. «Ой, әке, неғып тұрсыз?» дедім сасқанымнан, сөйтсем «қызым, осы бір жауапты сәтте сенімен бірге болайын деп, есіктің сыртынан тілеуіңді тілеп тұрдым»,- дейді. Міне, содан бері қанша жыл өтті, бірақ сол көрініс әлі көз алдымда.

- Неше түлек ұшырдыңыз? Оқушыларыңыз қай салаларда жұмыс жасайды?

-  27 жылдық өтілімде 168 түлек ұшырдым. Алғашқы түлектерім 1986-87 жылғы балалар еді. Түлектерімнің бірі журналист, бірі салық саласында, бірі полиция бөлімінде, енді бірі дәрігер,бірі аспаз-қандай мамандық бар болса соның бәрінде де оқушыларым қызмет жасап жүр. Ерекше атап өтетін оқушыларым Мусанов Алмас, Иманбаева Іңкәр, Сейтқожина Раушан, Искакова Меруерт, Бақытұлы Аян, Бердаулет Әлібек, Жарылқасымова Аружан, Омарбай Қанат, Исадін Ринат, Нұрмұхан Еңлік, Қанат Аружан, Муканов Ерсұлтан. Қазір алдымда 22 оқушы 1-сыныпты оқып отыр.

Әр шәкірт жүрегіңнен ерекше орын алады. Жалпы, бастауыш сынып балаларын оқытуда  қиындығы мен қызығы бірге жүреді. Неге десеңіз, алғаш мектепке келген,  жан-жағына таңырқай қарайтын ойын баласын партаға отырғызып, қолына қалам ұстауды үйретіп, жазуға, оқуға  үйрету оңай емес. Тек қана оқытып қана қоймай, тәрбиесіне де көңіл бөлеміз. Ең қиыны 4 жыл оқытып, енді оң-солын білгенде қолыңнан ұшып кетеді. Әр сыныбымды жіберген сайын жүрегім ауырады.

- Сіздің оқушыларыңыз ерекше дарынды болып шығатыны белгілі. Білім беруде нені басшылыққа аласыз?

- Бастауыш сыныпта білім беруде басшылыққа алатын дүние ол, біріншіден, тәрбие. Дұрыс тәрбие болғанда ғана  сапалы  білім беруге болады деп ойлаймын. Тәрбиеге көп көңіл бөлемін, дұрыс киіну, мәдениеттілік, ұқыптылық, тазалық сезімді бала бойында қалыптастыруға көңіл бөлемін, сонда ғана адам бойында жақсы қасиеттер қалыптасады.

 - Мектепте ең алғаш жаңартылған білім жүйесімен оқытуды сіздер бастадыңыздар. Қиындығы мен артықшылығы туралы айтып өтсеңіз.

- Білім  беру жүйесінде қандай да бір жаңалық болса, осы мектепте алғаш болып әріптесім  Қанымкүл Оразбековна екеуміз алғашқылардың бірі болып дәмін татамыз. Ең алғаш  оқулықтардың баспасы өзгерді. «Алматыкітап» баспасының оқулығын көріп, үйренгенше  біраз қиналдық. Одан 2016-2017 оқу жылынан  бастап ең алғаш білім жүйесіне   жаңартылған бағдарлама енгізілді. Алдымен Талдықорған қаласында жаңартылған білім мазмұны бойынша  дәріс алып, тест тапсырып келдік. Сонымен, 1-сыныпты алдық. Бұл енді біздің үйретіп жүрген дәстүрлі жүйемізден мүлде басқа оқыту үдерісіне көштік. Басында біраз қиындықтар да болды. Критериалды бағалау, күнтізбелік тақырыптық жоспар, күнделікті сабақ жоспары - барлығы бірден өзгеріп, оған қалыптасу оңайға соққан жоқ. Дегенмен алғашқы жылы таңертең сабағымызды береміз, сабағымыз біткен соң ары қарай білмегенімізді үйрену мақсатымен  «Өрлеуден» дәріс  алып келген мамандардан сұрап, кешке дейін мектепте жүретін едік. Қазіргі қарқынды жаһандану кезінде білім беру жүйесінің бұл өзгерісі бекерге емес екенін ұққан секілдімін. Бала өзіне не керек екенін біледі  және  критериалды бағалаудың артықшылығы баланың ойлау қабілетін дамытып, жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Оқушылар мен мұғалімнің арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: оқылым, айтылым, жазылым, тыңдалымды жетілдіруге бағытталған. Жаңа бағдарламаны меңгеру барысында ерекше әдіс-тәсілдер («Ыстық орындық», «Пікірлер сызығы», «5 қадам» т.б.) сабақтың тиімді  өтуіне, оқушы бойына 4 дағдыны қалыптастыруға  өте  жақсы ықпал етеді.

- Карантин кезіндегі оқу туралы не айтасыз? Балаларға білім игертуде қандай шаралар жасадыңыздар?

- Елімізге, жалпы, бүкіл әлемге келген COVID 19 індетіне байланысты карантин жарияланды. Осыған орай өткен оқу жылының 3,4-тоқсанында қашықтан оқытуды да бастан кешірдік. Бұл  үрдісті  де басқа түскен соң үйрендік.  Қашықтықтан оқыту интернет және теледидар арқылы жүргізілді. Белгілі бір платформаны қолданып оқушыларға білім беруді онлайн түрде өткіздім. Бұл жаңа форматта сабақ өтуде алғашқы уақытта қобалжу болды. Ұстаз бен ата-ана және шәкірт бірлесе жұмыс жасап, бұл олқылықтың да орнын толтыруға тырыстым. Осы орайда ата-аналарға алғысым шексіз. Балалар берілген тапсырмаларды орындап, кері байланыс беруге үйренді. Әр оқушының қызығушылығына орай әр түрлі тапсырмалар беріп, тіпті өте тартымды да әсерлі видеороликтер де түсірдік.

Ал, қазір кезекші сыныпта 1-сыныбыммен жұмыс істеп жатқан жайым бар. Әрине, мектеп табалдырығын алғаш аттаған баланың онлайн емес, мектепте оқығаны жақсы ғой. Ұстаздарға және оқушыларға кезекші сыныпта оқуға барлық жағдайды жасап берген мектебіміздің әкімшілігіне рахмет айтқым келеді. Қазіргі таңда бастауыш сынып оқушылары және 9,11-сынып оқушылары мектепте білім алуда.

- Қазіргі оқулықтар сапасы туралы айтып өтсеңіз.

- Қазіргі оқулықтардың сапасы жайлы айтсам, барлығы жақсы жазылған, бірақ 1-сыныптың математика оқулығына өзгеріс енгізілсе деп ойлаймын. Өйткені, оқулықтың мазмұны 1-сынып оқушысы үшін өте күрделі. Оқушылардың жас ерекшелігі ескерілсе екен. Содан кейін сабақтастық жоқ. Мысалы: «Шамалар» бөлімінде барлық шамалар және өлшеу бірліктері қамтылмаған.

- Әріптестеріңіз, ұжым туралы пікіріңіз.

- Мектеп ұжымы     өте жақсы. Биылғы оқу жылында өте көп жас мамандар келді.

Қазіргі жастар өте пысық, ізденімпаз. Қарасаң көз тоярлықтай. Өз сыныбымда орыс тілі пәнінен Ертаева Азиза, ағылшын  тілінен Атекеева Шырайлым, дене шынықтыру сабағынан Жанәбіл Мейірман сияқты жас мамандар сабақ береді. Әр сабағын түрлендіріп, түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, өте қызықты да әсерлі өтеді. Оқушылардың қызығушылығын туғызу үшін көбінесе ойын түрінде өткізеді. Ұстаздық еңбек жолында әріптестеріме, осы жас мамандарға сәттілік және шығармашылық табыс тілеймін.

- Болашақ ұстаздарға ұсыныс-тілегіңіз.

- «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген ұлы ақын Абай бабамыз. Еліміздің ертеңі, болашақ ұрпақты оқытуда ерінбей еңбек етіп, ел қамын ойлайтын жас ұрпақ тәрбиелеуде шаршамайық дегім келеді. Құрметті әріптестер, шәкірттеріңіздің  құрметі мен махаббатына бөленіңіздер!

- Сұхбатыңызға рахмет!

Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғаны белгілі. Бұл Заңға сәйкес мұғалімдердің мәртебесі біршама артқаны да бәрімізге мәлім. Ұстазын ұлықтаған қазақ халқы үшін мұның таңсық еместігі белгілі. Бұлбұл Төлеубекқызы білікті ұстаз екенін ата-ана, оқушы, мектеп ұжымы да мойындайды. Әріптестері мен ата-аналары ұстаз туралы игі лебіздерімен бөлісті.

Мамбетова Ханым Оразбековна, әріптесі: Білімнің негізгі  бастамасы бастауыштан басталатыны бәрімізге мәлім. Болашақта бір мамандыққа талпынудың іргетасы да бастауыштан басталады. Мектебіміздің  бастауыш сынып ұстазы Салимбаева Бұлбұл алдындағы әр шәкіртінің ой-қиялын  біліммен нұрландырып,  дүниетанымын кеңейтуге өз үлесін қосып жүрген ұлағатты ұстаз. Сонымен қатар терең де тиянақты  білім  беруді өз мақсаты етіп қоя білген ардақты жан.

Жанат Тоқтарқызы, ата-ана: Бұлбұл Төлеубекқызы - қызым Анелдің алғашқы ұстазы. Ұстаз ретінде өте білімді, мейірімді адам. Білім беру жолындағы шеберлігі бір төбе. Балаларды тек  білім алумен қатар, адамгершілікке, сыйластыққа, өнерге, еңбекке баулып келеді. Бастауыш сыныпты аяқтаған қызым сүйікті апайын аузынан тастамай айтып жүреді.    "Алты Алаштың басы қосылса төр ұстаздікі" демекші Бұлбұл Төлеубекқызының келер ұрпаққа берері алда деп ойлаймын. Ата-ана ретінде денсаулық, табыс тілеймін!

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Халықаралық қатынастар факультетінің 2-курс студенті Жарылқасымова А.А., оқушысы: Алғаш мектеп қабырғасын аттаған сәтте бізге білім нәрін бойымызға сусындатқан алғашқы ардақты ұстазым - Бұлбұл апай. Мен нағыз ұстаз қандай болу керек десе, кідірместен Бұлбұл апай тәрізді болу керек деп жауап беруші едім. Себебі, ол кісінің бойында әрбір ұстаздың бойынан табылуы қажет барлық қасиеттер бар.Ол кісі бізге алғаш әріп үйретіп ғана қоймай, әдептілік пен сыпайылықты бойымызға дарыта білді. Бұлбұл апай әр ісін ойланып, сабырлық пен аса ұқыптылық танытып, өте тиянақты атқарады. Өз шәкірттеріне нағыз үлгі бола білетін алтын ұстаз.

Рауан ШЫНТАЕВА, 

әл-Фараби атындағы орта мектептің мұғалімі, 

Алматы облысы