Фото: freepik
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы ірі жымқыруларды тергеуді жалғастырып жатыр. Қылмыстар мемлекеттік аудиторлардың жасыруымен жасалғаны қылмыстық істердің материалдарымен расталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәселен, Жетісу облысында бюджет қаражаты «өлі жандардың» шоттарына ақша аудару және мектеп қызметкерлерінің жалақысын асыра есептеп, кейіннен оларды қолма-қол ақшаға айналдыру мен иемдену арқылы ұрланған.
Тергеу барысында Алматы облысы Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы 500 мың теңге сомасында пара алғаны әшкереленді. Ол Талдықорған қаласындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін пара алған.
Қазіргі уақытта аудитор сотқа тартылған.
"Осыған ұқсас факт Алматы облысында анықталды, онда облыстық тексеру комиссиясы бөлімінің басшысы Қарасай ауданының білім бөлімінің бухгалтерінен аудиторлық тексерудің оң нәтижелері үшін 1 млн теңге сомасында пара алған. Аталған дерек бойынша Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар Түркістан облысында мемлекеттік ревизор - облыстық Тексеру комиссиясының бас инспекторы парақорлықпен әшкереленді. Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін 26 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді", - делінген хабарламада.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.