08 жел, 2022 сағат 23:36

Білім саласындағы сыбайлас жемқорлықты жоюға күш салынады


Адами әлеуетті дамыту басқармасының сұранысымен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті тарапынан Басқармаға сыртқы талдау жүргізілген.

Талдаудың басты мақсаты – анықталған сыбайластық жемқорлық тәуекелдерін жою. Жүргізілген сыртқы талдау нәтижесімен сыбайластық тәуекелдерін жою үшін 24 ұсыным берілді. Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясы және Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы отырысында талқыланды.

Облыстағы білім саласында күрделенген мәселердің көп екендігін алға тартқан облыс басшысы жүргізілген сыртқы талдау нәтижесімен заң талаптарына сәйкес нақты жұмыстар істеуді тапсырды. Қордаланған мәселелерді шешу үшін кезең-кезеңге бөлінген іс-шаралар жоспарын бекітуді жүктеді. Білім саласындағы заңсыздықтың көзін жою үшін адами факторды барынша азайтып, орталықтандыру және цифрландыру жүйелеріне күш салуды міндеттеді.

Сыртқы талдау нәтижесі қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізіп, білім беру қызметіне мониторинг жүргізудің қажеттілігін көрсетті. Сондай-ақ қызмет көрсету процесін автоматтандырып, білім беру ұйымы басшыларының құқықтық сауаттылығын арттырып, білім беру ұйымдарындағы кітап қорына түгендеу жүргізудің қажеттігін айқындап берді.

Түркістан облысы бойынша төрт жылдан бері jumys.snation.kz порталы арқылы конкурстық негізде қабылданады. Аталған жүйе ең басты жалған дипломдарға тосқауыл қоюды қамтамасыз етеді. Жалған дипломдарды анықтау бойынша тексеру жұмыстары жалғасуда. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында педагогтерге біліктілік санаттарын беру (растау) тәртібін электронды «Е-ПОРТФОЛИО» порталы арқылы педагогтерді аттестаттаудан өтті.

Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының баяндауынша сыртқы талдау нәтижесінде мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының ротацияларын орын ауыстыру кестесін ескере отырып аяқтау жөнінде ұсыным берілген. Түркістан облысы бойынша 381 мектептің басшысына қызметін атқарғанына 7 жыл толған. 156-і бір елді мекенде орналасқан және олар ротациялау комиссиясына ұсынылады. Қалған 225 білім беру ұйымы бір елді мекенде орналаспаған, сондықтан ротациялауға жатпайды.

«Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 267 мемлекеттік мекеменің 141 меңгерушісіне лауазымдық міндетті атқарғанына 7 жыл немесе одан жоғары. Оның ішінде бір елді мекенде орналасқан 67 мекеменің меңгерушісі ротациялау комиссиясына ұсынылады. Түркістан облысында жалпы 223 мекеме басшысы, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары басшылары ротациялауға жатады. Талдау барысында анықталған сыбайластық тәуекелдерін жою арқылы облыстың білім саласында сыбайлас жемқорлық фактілерінің азаюына алып келеді деп санаймын. Осы ретте, жемқорлық фактілеріне әкелетін тәуекелдеріне талдау жұмысы тұрақты жалғасын тауып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жандандырылатын болады», – деді басқарма басшысы.

Өңірде Е-КІТАПХАНА электронды жүйесін енгізу арқылы барлық білім беру мекемелерінің кітапхана қорына инвентаризация жүргізіп, нәтижесінде 2017-2022 жыл аралығындағы жарамсыз және тозығы жеткен 3 млн-ға жуық оқулық жалпы кітапхана қоры есебінен шығарылды. Сонымен қатар, алдағы уақытта мектеп кітапханашыларымен оқыту сабақтары, лекциялар өткізу жоспарлануда.