Білім ошақтарын өз пайда көзіне айналдырғандарды лауазымына қарамастан жауапкершілікке тарту керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақ жол» партиясы өткен жылы Қазақ білімінің қара шаңырағы, қоғамда заңды резонанс тудырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тиесілі жер телімдерінің аумағы белгісіз себептермен азаюына байланысты Бас прокурор мен Білім министріне сауал жолдаған болатын. Өкінішке қарай, еліміздің аймақтарындағы мемлекеттік жоғары оқу орындарының жерлері мен ғимараттарының да талан-таражға түсіп, «тістегеннің ауызында, ұстағанның қолында» кетіп жатқанын ақпарат құралдарынан естіп, біліп жатырмыз. Мысалы, мен өзім оқыған Шығыстағы Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің бас ғимаратынан бес қадам жерде орналасқан өндірістік шеберхана бүгінде білімге ешқандай қатысы жоқ караоке-барға айналған», - деді Берік Дүйсенбинов ҚР Бас прокуроры Берік Асылов пен ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, Білім және ғылым министрлігі өз жауабында университеттің (ҚазҰУ) жер телімінің 0,779 гектарға азайғанын растаған.
«Ал Бас Прокуратураның сауалымызға берген жауабында 2012 жылғы 30 қаңтардағы Алматы қаласы әкімінің қаулысына сәйкес, Университеттің жалпы көлемі 73,26 гектар жер пайдалану құқығына берілгені және оқу орнының жалпы жер көлемі 1,8 гектарға азайғанын айта келіп, тексеруге бастамашылық ету туралы мəселелер прокуратура органдарына нақты оқу орындары тарапынан заңдылықты бұзушылықтың нақты фактілері туралы мəліметтер түскен кезде қаралатынын баяндаған еді. Сонда бүгінге дейін Университетке тиесілі жер неге азайғаны, оған кім жауапты деген сұраққа өкілетті органдардан мардымды жауап болмай, жұмбақ күйінде қалып отыр. Мұндай жағдайлар тек Ұлттық университетпен ғана шектеліп жүрген жоқ. Өкінішке қарай, жоғарғы оқу орындарының жер телімдерінің жеке меншікке сатылып жатқанын, студент жастар тұратын жатақханалардың азайып жатқаны жасырын емес», - деді депутат.
Б. Дүйсенбинов жоғарыдағыны баяндай келе, мына ұсыныстарды жасады:
– біріншіден, Қазақ ұлттық университетіне тиесілі жер аумағынан жер учаскелерінің бөлініп шығарылғаны қаншалықты заңды екенін тексеру;
– екіншіден, еліміздің барлық аймақтарындағы мемлекеттік жоғарғы оқу орындарына тиесілі жер телімдеріне арнайы тексеру жүргізу.
«Үшіншіден, тексеру барысында заңсыздық анықталған жағдайда, алаяқтарды, қала не Университет басшысы болсын, жалпы кінәлілерді, білім ошақтарын өз пайда көзіне айналдырған тоғышарларды еш мансабы мен лауазымына қарамастан, катаң жауапкершілікке тартуды талап етеміз және нәтижесін бізге хабарлауларыңызды сұраймыз», - деді депутат.