ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Ақмола облысында білім ордаларын аралап, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде педагогтармен және студенттермен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сапар барысында ЖОО студенттері министрді «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбымен ұйымдастырылған көрменің мақсаттарымен таныстырды.
К.Шәмшидинова сондай-ақ ЯМР спектроскопия зертханасында болды. Онда ғалымдар ядролық магниттік резонанстық құбылысты пайдалана отырып, спектроскопиялық әдіспен химиялық объектілерді зерттейді.
Үкімет мүшелері, сонымен қатар медицина факультетінің симуляциялық орталығының, халықаралық бағдарламалар орталығының және медициналық технологиялардың 3D лабораториясының жұмысымен танысты. Онда дәрістер ағылшын тілінде жүргізіледі.
Университет ұжымымен, білім алушылармен кездесу барысында министр білім сапасын арттырудағы басымды бағыттарға тоқталды. Сондай-ақ, оқу ағарту саласындағы тың өзгерістер мен алдағы уақытта министрлік тарапынан атқарылатын ауқымды жұмыстар жоспарын тілге тиек етті.
Шараға қатысқан университет ұстаздары мен студент-жастар өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша сауалдарын қойып, оларға нақты да тұшымды жауаптар алды.
Университет профессоры Бәрия Бадыққызы білім саласындағы бүгінгі түйткілді меселелер мен олқылықтарға тоқталып, олардың болашақта оң шешім табатынына үміт білдірді.
Өз кезегінде Білім министрі Шоқан Уәлиханов университетінің ректоры Марат Сырлыбаевтың ректорлық қызметіне сәттілік, ұстаздар қауымына шығармашылық табыс, ал студент-жастарға елміздің дамып-өркендеуіне өз үлестерін қосатын білімді де білікті маман болуларына тілектестік білдірді.
Еске салайық, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері осы күндері жұмыс сапарымен Ақмола өңірінде жүр.
Олар аз қамтылған және көпбалалы отбасыларымен кездесіп, оларға қолдау шаралары жөнінде кеңінен түсіндіруде.