видео кадры
Түркістан облысында 400 млн теңгеден астам мемлекет қаржысын талан-таражға салған білім саласы қызметкерлерінің жымқыру әрекеттері анықталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
"ҚМА Түркістан облысы бойынша департаменті білім беру саласындағы қаражатты аса ірі мөлшерде ұрлау фактілерін анықтады.
Сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемденді деген күдікке «Келес ауданының білім бөлімі» ММ бухгалтерлері ілінді, олар 2021-2023 жылдар аралығында білім беру мекемесі қызметкерлерінің көрінеу жалған мәліметтерін базаға енгізген.
Мектеп қызметкерлерінің карт-шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) есепшілермен байланысты азаматтардың ЖСН-не ауыстырылғаны анықталды" - делінген хабарламада.
Агенттік мәліметінше, қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген залал 400 млн теңгеден асады.
"Көрсетілген фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды және күдікті адамдарға қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.
ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды" - делінген ведомство ұсынған мәліметте.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.