16 ақп, 2022 сағат 13:27

Бейжің-2022: Қыздардың көрсеткіштеріне ризамын – Фристайл-акробатикадан аға жаттықтырушы


Бейжің олимпиадасында фристайл-акробатикадан Қазақстан ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы Жібек Арапбаева отандық спортшылардың өнері мен нәтижесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдымен айтарым, фристайл-акробатика спорты бір орында тұрған жоқ. Жыл санап жетіле түсіп жатыр. Бұрын қыздар үшін секіру көрсеткіші басқаша болса, қазір қыздар ұлдармен бірдей деңгейде мықтылығын дәлелдеу керек. Яғни бұрын екеулік деңгейде секірсе, енді үшеулік секіру қажет. Бейжің олимпиадасына соңғы 2 жыл тынымсыз дайындалдық. Фристайл-акробатикадан өткен жылы болған әлем кубогында біздің спортшылар өте жақсы нәтиже көрсетті», - деді Ж. Арапбаева Бейжіңнен тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихатында. 

«Негізі біз фристайл-акробатикадан финалға шығуды мақсат тұтып келгенбіз. Өз басым қыздарды мақтан тұтамын, көрсеткіштеріне ризамын. Біздің спортшы қыздар батыл, ержүрек», - дейді ол. 

Сондай-ақ, брифингте Бейжің олимпиадасында фристайл-акробатикадан финалға шыққан жерлесіміз Ақмаржан Қалмұрзаева жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті. 

«Жарыс кезінде қобалжу болды. Себебі халықаралық олимпиаданың финалына бірінші рет шығуым. Қобалжудан кейін де сайыс қиынға соқты деп ойлаймын. Бірнеше қателік жібердім. Дегенмен жолдан тайып кетпей соңына дейін бардым. Шаңғым кетіп қалғанда жолдан шыға салсам болар еді, бірақ мен өнер көрсетуді жалғастыра бердім. Құламауға тырыстым, яғни қолымнан келгеннің бәрін істедім. Төрешілердің өз шешімі бар, 11 орынға лайық болдым», - дейді спортшы.