20 қаң, 2022 сағат 14:54

Бейжің-2022: Фристайл-могулдан ел намысын қорғайтын спортшылар анықталды


Бейжіңдегі Олимпиада ойындарында фристайл-могулдан Қазақстан намысын алты спортшы қорғайды. Бұл туралы команданың бас бапкері Елена Круглыхина мәлімдеді, деп хабарлайды Olympic.kz

Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) Қазақстан командасына қосымша квота бөлді. Нәтижесінде, Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан төрт әйел адам және екі ер адам сынға түседі. Атап айтар болсақ, Бейжің төрінде Юлия Галышева, Аяулым Әміренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаковтың өнерін тамашалаймыз. 

«Бәрі біз қалағандай болған жоқ. Бірақ бұл – спорт. Кездескен қиындықтарға қарамастан, спортшылар өздерін жақсы қырынан көрсетіп, қысқы ойында Қазақстанның бәсекелесе алатынын дәлелдеді. Бізде ерлерден екі, әйелдерден төрт квота бар.

Аздаған қиыншылықтар кездескенін атап өттім. Виза мәселесіне байланысты АҚШ-тағы әлем кубогі кезеңіне Антон Бондарев бара алмады. Ол лицензияға қол созым жерден тоқтады. Жарақатына байланысты Сергей Романов Америкаға бара алған жоқ, ал Олен Цинн жолдамасыз қалды. 

Біздің еліміздің намысын Юлия Галышева, Аяулым Әміренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков қорғайды. Бұл іріктеу өте ауыр өтті, сондықтан, спортшылардың барлығын да құттықтаймын.

Айта кету керек, спортшылар да, бапкерлер құрамы да толығымен Өскемен қаласының өкілдері. Біз Қазақстан атын таныту үшін бар күшімізді саламыз. Қазіргі таңда Олимпиада алдындағы дайындықты Шымбұлата өткізіп жатырмыз», - деді бас бапкер.