25 қар, 2025 сағат 12:09

"Бейнекамераға қарап қойып, пышақтағы қанды сүрткен": Ақтөбедегі сот процессінде сұмдық жайттар айтылды


Фото: видеодан скриншот
Ақтөбеде пойыз бастығын вокзалда пышақтап өлтірген жігітке қатысты сот басталды. 28 жастағы сотталушы қылмысын саябақтағы бейнекамераға қарап тұрып істеген, деп хабарлайды Ult.kz КТК арнасының жаңалықтарына сілтеме жасап.

Айыпталушы істі алқа билердің қарағанын құп көрді. Бүгін алқа билер толық іріктеліп, оқиғаның мән-жайымен танысты. Қанды оқиға осыдан үш ай бұрын болған. Пойыз бастығы сол күні демалысқа шыққан. Вокзал алдындағы гүлзарда келе жатқанда алдынан жігіт шығып, шылым сұрайды. Темекі бермеген соң, сол жерде алты рет пышақ сұғып алған. Вокзал аумағындағы бейнекамераға қарап қойып, пышақтағы қанды сүртіп, өз жөніне кете барыпты. 28 жастағы күдікті бұған дейін сотталып, пробация бақылауында жүрген. Енді бұрын жасаған қылмысына тағы жаза қосылады. Бірақ сотта ол бір рет пышақ сұқтым деп ақталмақшы болды. Сондай-ақ жәбірленуші тарап қанды қылмысқа өзге адамдардың да қатысы бар екеніне сенімді.

«Ұсталған азамат бір-ақ жерден пышақтадым дейді. Ал менің ағам алты жерден пышақталып отыр. Ол мойындап отыр, бір-ақ жерден пышақ сұқтым, кеңсе пышағы дейді. Кеңсе пышағынан адам өлмейді ғой. Мен жаза емес, қасында өлтірген адамның табылуын талап етемін. Өлетін ағам өліп қалды. Бүгін сотталып, ертең қайтып келгені керек жоқ. Нағыз қылмыскерлер табылып, әділ жазасын алса екен деймін»,- дейді марқұмның қарындасы Меруерт Мұхамбеталина.