27 ақп, 2023 сағат 12:18

"Бейнекамера жоқ жерге алып барады": Атыраудағы балалар үйінен шу шықты


Атырау қаласындағы Талқайран-2 елді мекенінде орналасқан облыстық отбасы үлгісіндегі "Шаңырақ" балалар ауылы және жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері Sputnik Қазақстан тілшісіне шағымын айтты.

Атыраудағы балалар үйінен шу шықты. Осы мекемеден түлеп ұшқан тәрбиеленушілердің айтуынша, аталған мекемеде балаларға әлімжеттік жасалады, балалардың ар-намысына тиеді.

"Бұл мекемеде балаларға расымен күш қолданылады. Мен бұл балалар үйінде болған уақытымның бәрінде үлкен балалар кішілерді ұратынын өз көзіммен көрдім. Тәрбиешілер ар-намысымызға тиетін сөздер айтатын, біздің ата-аналарымыз туралы ауыр сөздер айтады. Әр апта сайын жұма күні линейка өтеді. Сол жерде кінәлі болған баланы ортаға шығарып, шара қолданады. Мысалы, "отжимание" жасатады, отырып тұрғызады. Директор осының бәрін көріп тұрып, түк білмегендей жүретін", - дейді Sputnik Қазақстан тілшісіне жасырын сұхбат берген Илья Темірханов (аты-жөні өзгертілген).

Оның айтуынша, тәрбиешілер өздері ұрмайды, кішілерді үлкендерге ұрғызады.

"Жақында ғана Ангелина есімді қыз баспалдақтан құлап кетті деді. Оған еш дәлел жоқ. Баспалдақтан құлады деп айтқызып қойды. Балалар үйінде мұндай жағдайлар өте жиі болады", - дейді ол.

Жақында осы мекеменің тәрбиеленушісі Нұрдәулет Шудабаев "150" сенім телефонына хабарласып, зәбір көретінін айтып шағымданған. Жасөспірім бұл мекемеде тұрып жатқанына 7 жыл болған. Баланың шағымынан соң 9 қаңтарда тиісті органнан арнайы тексеру келген. Шудабаевтың айтқанының бәрі рас, дейді мекеменің тағы бір тәрбиеленушісі Олжас Ырымбаев (аты-жөні өзгертілген).

"Нұрдәулет Шудабаевтың айтқанының бәрі рас. Мен "Шаңырақ " балалар үйінде тәрбиешілер тарапынан көптеген қатыгездік көрдім. Бұл мекемеде тәрбиешілер кішілердің сабағы нашар немесе басқа жағдай болған жағдайда 15, 16, 17 жастағы ересектерден жауап алады. Ал бұл ересектерге еш бақылау жоқ. Кішілерді ұрып жатыр ма, соғып жатыр ма, қалай тәрбиелейді өз еркіне жіберген", - дейді Олжас Ырымбаев.

Әр апта сайын мекемеде өтетін линейкада балалардың ар-намысын қорлайтын сөздер айтылатын көрінеді.

"Линейкада біздің намысымызға тиетін сөздер айтады, ата-аналарымызды жамандайды. Тәрбиешілер балаларды жамандайды, ал директор сол жерде шара қолданады. "Отжимание" жасатады, планка отырғызады немесе бір-біріне қарсы қояды. Екі кішкентай баланы ортаға алып шығады. Екеуін бір-бірімен төбелестіреді. Бұның барлығы үлкендер күлу үшін жасалады", - дейді Олжас Ырымбаев.

Олжас Ырымбаевтың айтуынша, балалар үйінің былығы бір бұл емес.

"Мен де кішкентайларды тәрбиелеген "жауаптының" бірі болдым. Тәрбиешілер соқ десе соғамыз, айқайла десе айқайлаймын. Болған басқа оқиғалар туралы айтуға аузым бармайды. Сол істеген ісіме шын жүрегіммен қатты өкінемін. Әрине Гүлсара Аманғалиқызы мен тәрбиеленушілер бәрін жоққа шығарады. Өйткені балаларды солай үйретіп қойған", - дейді тәрбиеленуші.

Мекемедегілер жұмыстан шығып қалған маман балаларға ақша беріп, бұрынғы жұмыс орнын жамандатқызып отыр деп есептейді. Ал Олжас Ырымбаев бұны жоққа шығарады.

"Түк те олай емес. Менің сөзімді де олар жоққа шығарады. Шын мәнінде ешбір маман бізге ақша салып, балалар үйін жамандатқан емес. Тәрбиешілер балаларды бейнекамера жоқ жерге апарып ұрады. Менің арманым балалар үйінде тұратын барлық балада бақытты балалық болса деймін. "Шаңырақ" деген балалар үйінде қандай былық болып жатқанын бәрі білсе деймін", - дейді Олжас Ырымбаев.

Балалардың айғағын экс-тәрбиеші Мәрияш Досалиева да растайды.

"Мен былтыр желтоқсаннан бастап жұмысқа кірдім. Ақпанда жұмыстан шығарып жіберді. Өйткені "150"-ге хабарласқан баланы сіз үгіттедіңіз деп жала жапты. Комиссия менен бала қандай деп сұрады. Мен қалай жамандаймын, бала әртүрлі шараларға қатысады, алғыр бала. Сабақтан қалғанын да көрген емеспін. Нұрдәулетті 2022 жылы жазда ұрған екен, мен ол кезде жұмыс істегем жоқ. Баланың басын мекеменің басшылығы әжетханаға батырыпты. Оны маған Нұрдәулеттің өзі айтып берді. Сол унитазға басын батырған кезде директордың қасында Салиха, Қадиша және Әлия деген кісілер болыпты", - дейді экс-тәрбиеші Мәрияш Досалиева.

Мекемеде тәрбиеші болып істеген Мәрияш Досалиева бұл жерде балаларға үнемі қысым көрсетілетінін айтады.

"Директор Асылжан деген баланы балаларды қадағалайтын етіп тағайындап қойған. Ол балаға директор киім, ұялы телефон әперіп қойды. Асылжан басқа балаларға әлімжеттік жасап, әбден мезі етті. 25 қаңтарда білім басқармасынан комиссия келді. Комиссияға Асланбек Дәулетовтың жағдайын көріп кетіңіздерші деп өтіндім. Асланбекті сол Асылжан ұрып, ол 4 күн сабақтан қалды. Директорға арқа сүйеп алған Асылжан тәрбиешіні де көзге ілмейді. Мен бұл мәселені комиссияға айтып түсіндіре алмадым. Олар маған "бұл мекеменің іштегі жағдайы, Ботатаева өзі шешеді" деп кетіп қалды", - дейді Мәрияш Досалиева.

Тәрбиешінің айтуынша, мекемеге тексеру келсе, "бәрі керемет, жағдайымыз жақсы" деп айтатын он шақты баланы арнайы дайындап қойған, ал зәбір көріп жүрген балаларды ондай жерге жолатпайды. Ал тағы бір экс-тәрбиеші Шолпан Базарқызының уәжі мынадай.

"Директор Нұрдәулет Шудабаевты алып кетті де, сол кісіден қолы көгеріп келді. Мен оны фотоға түсіріп алдым. Ол балада псариаз болды. Дерматолог маманға үнемі қаралып тұратын. Приемға барғанда денесінің көгергенін көрген дәрігерлер сұрақтың астына алатынын білемін. Мен сол өзімнің басым кетіп қалмасын деп, айғақ ретінде фотоны түсіріп алдым. Өйткені баланың денесіндегі көгергенді менен көруі мүмкін ғой. Фотодағы бала Нұрдәулет Шудабаев. Ол тәрбиеленуші менде 2019 жылдан бері жүр. Әрине жаным ашиды, жүрегім ауырады. Өйткені бірге тұрып, бірге тамақ ішіп, бірге ұйықтап жүрген балаларым ғой. Бірақ директорға қалай "сіздікі дұрыс емес, неге бұлай істейсіз деп айтамын". Директор олардың заңды түрде қамқоршысы", - дейді балалар үйінің экс-тәрбиешісі Шолпан Базарқызы.

Ал аты-жөнін көрсетпеуді өтінген үшінші тәрбиеші былай дейді.

"Ангелина деген қыздың беті көгеріп жүргенін бәрі көрді. Бес жасар қызды белдікпен ұрғаны рас. Сол кезде қыздың бетін көрдім. Ол жерде дұрыс психолог та жоқ. Балалар бірнәрсе бүлдірсе, бірден директорға апару керек. Оған апарайын десем жанымыз ашиды", - дейді атын жасырған тәрбиеші.

Балалар үйінің директоры Гүлсара Ботатаева бұл айғақтың бәрін жоққа шығарды.

"Шындыққа жанаспайтын нәрсе көп. Ешнәрсе дәлелденген жоқ. Сенім телефонына хабарласқан Нұрдәулет Шудабаевқа тәрбиеші Мәрияш Досалиева 60 мың теңге ақша берем деп, өзінің бас пайдасына баланы пайдаланған. Үш баланы үгіттеген. Біреуі - Асылжан, екіншісі - Эленора деген қыз. Асылжан "қораға кіріп" кеткендіктен Мәрияштың айтқанын орындаған. Сосын зейнетке кеткен тағы бір тәрбиеші бар, сол Нұрдәулетті сыйғызбады", - дейді Гүлсара Ботатаева.

Мекеме директорының айтуынша аққа қара жағып отырған экс-тәрбиешілер.

"Баланың басын унитазға тықты деген, оның алдында сексуалды жағдай болды деген жаланың барлығы да дәлелденбеген. Мен бұл кісілердің үстінен шағым жазамын", - дейді "Шаңырақ" отбасылық үлгідегі балалар үйінің директоры Гүлсара Ботатаева.

Ал облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Сәдуақасова тергеу жүріп жатқандықтан қандай да бір сұхбат бере алмайтынын айтты.

Айта кетері, білім басқармасы құрған комиссия бұған дейін балалар үйінде тексеру жүргізген. Бірақ, тәрбиешінің айтуынша, сол кезде көкала қойдай таяқ жеп, сабаққа бара алмай жатқан Асланбек Дәулетовты көруге комиссияның құлқы болмаған.

Атырау облыстық полиция департаменті бұл фактілер бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

"Қазіргі таңда әлеуметтік желіде таралған балалар үйіндегі деректерге қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жарияланбайды", - деп мәлімдеді облыстық ПД баспасөз қызметі.