Сенатта депутат Владимир Волковтың төрағалық етуімен Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Онда «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобалары қаралды.
«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасында пикеттеу, жиналыс, митинг, демонстрация, шеру сияқты көпшілік пікірін білдіруді қамтитын бейбіт жиналыстар түрлері көрініс тапқан және олардың негізгі принциптері қарастырылады, бейбіт жиналыстар өткізуге болатын арнайы орындарды ұйымдастыруды қамтамасыз етуге қойылатын талаптар айқындалды.
Сондай-ақ мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарды, оның ішінде стратегиялық және әскери объектілерді, сондай-ақ ҚР Президентінің, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының резиденцияларына іргелес аумақтарды қоспағанда, кез келген жерлерде, оның ішінде орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың ғимараттары маңында жеке пикеттер өткізу мүмкіндігі енгізілген.
Құжатта бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың, қатысушылардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері бекітіледі, мемлекеттік органдардың бейбіт жиналыстар ұйымдастырушыларына көмек көрсету жөніндегі міндеттері көзделеді, жергілікті атқарушы органдарға бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту үшін негіздердің толық тізбесі белгіленеді. Одан басқа, бейбіт жиналыстар өткізу кезінде үгіт институты енгізіледі, оны ұйымдастырушылар бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, месенджерлер арқылы өткізе алады.
Заң жобасын қабылдау бейбіт жиналыстарды өткізу саласындағы қоғамдық қатынастарды тиімді реттеуге, азаматтардың бейбіт және қарусыз жиналуға конституциялық құқығын іске асырудың құқықтық негіздерін қамтамасыз етуге, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткізуге, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарын және жеке тұлға мен мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынас тетіктерінің тиімділігін дамытуға мүмкіндік береді.
Комитеттің кеңейтілген отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын да қарады.
«Бұл заң жобасында «бейбіт жиналыс» ұғымының енгізілуіне байланысты 3 кодекс пен 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Сонымен қатар ұйымдастырушылардың, қатысушылардың әкімшілік заңнаманы бұзғаны үшін, сондай-ақ санкция берілмеген митингілерді ұйымдастырғаны және қатысқаны үшін әкімшілік жауапкершілігін күшейту ұсынылады.
Құжатта сонымен қатар «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға түзетулер де бар, оған сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган бейбіт жиналыстарға қатысатын журналистің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің) қызмет ережелерін, журналистің айырым белгілерінің нысандарын бекітеді.
Заң жобасы қоғамдық қатынастарды реттейді және азаматтық қоғам институттарын, азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынастардың жаңа тетіктерін дамытады, азаматтардың бейбіт жиналыстар өткізу құқығын іске асыруға байланысты қоғамдық-саяси тұрақтылықты орнықтыратын болады», - деді палатаның баспасөз қызметінен.
Құжаттар палатаның қарауына берілді.