Қарағанды қаласындағы «Достық үйінде» Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтті. Онда «Қазақстанда бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» ҚР Заңының жобасы талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кездесуге қоғам қайраткерлері, саяси партияның, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Қарағанды облысының заңгерлері, журналистері, мемлекеттік органдар өкілдері қатысты. Заң жобасын талқылауға Қарағанды облысына арнайы келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа олар өз ұсыныстарын білдірді.
«Мұндай қоғамдық тыңдаулар тек Нұр-Сұлтан мен Алматыда ғана емес, Павлодар, Петропавл, Көкшетау, Орал, Өскемен және Шымкент қалаларында өткізілді. Жобаның толық мәтіні egov.kz сайтына орналастырылды, барлық тілек білдірушілер онымен танысты. Қазір біз қазақстандықтар да, Мемлекет басшысы да келіспейтін кейбір нормаларды бастапқы нұсқадан алып тастадық. Мысалы, оның тапсырмасы бойынша заңнан 250-ден астам адам қатысқан бейбіт жиналыстар рұқсат беру сипатында болуы тиіс деген норма алып тасталды. Енді жобада барлық жиналыстардың қатысушылар санына қарамастан хабарлама сипатында болуы туралы сөз болып отыр. Яғни, митинг өткізу үшін рұқсат алудың қажеті жоқ, тек жергілікті атқарушы органдарға хабарлама жіберу керек», - деді Дәурен Абаев.
Сондай-ақ, министр жиналысты өткізуге рұқсат берілген орындар шеткі жерлерде емес, инфрақұрылымы дамыған орындарында орналасатынын атап өтті.
Тағы бір жаңалық, заң жобасында бейбіт жиналыстарға 18 жасқа толмаған тұлғалар қатыса алатыны туралы жазылған.
«Бұрын 18 жастан жоғары болуы тиіс деген шектеу болған. Шынымды айтсам, біз бұл шектеуді алып тастағымыз келген жоқ. Бірақ алып тастауға мәжбүр болдық, себебі бұл Қазақстан бекіткен Бала құқықтары туралы Конвенцияның талабы, онда баланың бейбіт жиналыстар бостандығына құқығы танылады. Осылайша, 18 жасқа дейінгі азаматтарға бейбіт жиналыстарға қатысуға рұқсат берілді», - деді министр.
Қоғамдық тыңдау кезінде қарағандылықтар бейбіт жиналыстар кезінде полицейлердің құқықтары мен міндеттерін егжей-тегжейлі түсіндіруді сұрады.
«Менің ойымша, полицейлердің қызметін регламенттеу қажет. Егер олар митинг өткізу орнында қызмет атқарса, қандай жағдайларда олар күш қолдана алады, ал қандай жағдайларда қолданбаулары тиіс екенін түсіндірген жөн. Іс-қимыл стандарттары болуы тиіс», - дейді ҚР ІІМ Қарағанды академиясының аға оқытушысы Оксана Ладыгина.
Халық қалаулылары бұл заң жобасы «халық үніне құлақ асатын мемлекетті» құруға септігін тигізетін болады деп есептейді.
«Мен айтқым келетіні, Қасым Жомарт Кемелұлы өзінің соңғы жолдауында «халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қалыптастыру керектігін айтты. Осы жолдау негізінде еліміздегі митингілер жөніндегі заңдарды қайта қарап, оны заңдастру мәселесін тапсырған болатын. Бүгін, міне, осыған байланысты министрдің қатысуымен үлкен келелі кездесуде осы мәселелер жалпы Қарағанды облысының қоғам белсенділерімен, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ерекше талқыланды. Бұл заң 1995 жылы қабылданған болатын. Осы 25 жыл ішінде бұл заң моральдық жағынан да, басқа тұрғыдан да ескірген. Оны жаңадан қайта қабылдауды уақыттың өзі талап етіп отыр. Жалпы митингі дегеніміздің өзі халықтың ең соңғы, еш нәрсеге мүмкіндігі болмаған уақытта наразылығын алып баратын ең соңғы шаралардың бірі деп қабылдау керек. Ал менің ойымша, халық үніне құлақ асатын мемлекет болған жағдайда біз бұл митингілерге жеткізбейтін деңгейде жұмыс жасауымыз керек деп есептеймін», - деп атап өтті облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков.
Ақпарат министрінің айтуынша, жоба мәтіні электрондық үкімет порталында орналастырылғаннан кейін оған пікір жазушылар мен оны қарау саны рекордтық деңгейге жеткен.