ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов тұрғын үй бағасы төңірегінде қалыптасқан жағдайға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Хабар» телеарнасындағы «Ұлт мүддесі» бағдарламасында министр мемлекеттің тұрғын үй нарығына әлеуметтік аз қамтылған топтарды қолдау арқылы ықпал етіп отырғанын атады.
«Пандемиядан кейінгі кезеңде бізде тұрғын үйге деген сұраныс өте жоғары болды. Оның бірнеше себебі бар. Бірінші кезекте, бұл - кейінге қалдырылған сұраныстың әсері. Айтпақшы, мемлекет 2020 жылы - пандемияның шарықтау кезеңінде құрылыс инфрақұрылымына өте үлкен қолдау жасады. 2020 жылы 15 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланған», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Министр елде тұрғын үй бағасы көтерілгенін мойындады.
«Кейінге қалдырылған сұраныс туралы айттым ғой. Адамдар тіпті дүкенге бара алмай қалған қиын кезең болды. Қарым-қатынас пен алыс-берістің кез келген түрі шектелген шағы есіңізде шығар. Бұл уақытта адамдар банкке бара алмады. Әлем бойынша құрылыс материалдарының барлық түрі, әсіресе металдың қымбаттауы нарықтағы бағаға кері әсер етті. Бір жағынан баспанаға сұраныс бар. Бірақ құрылыс материалы мен шикізатының бағасы аспандап кетті. Бұл құрылыстың қарқынын баяулатты. Тұрғын үй бағасы осылай көтеріліп шыға келді», - деп түсіндірді ведомство басшысы.
Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, пандемияға дейінгі кезеңде Қазақстан өндіріске қажет болаттың елеулі бөлігін сырттан әкеліп отырды. Бұл жайт енді баспана бағасын айқындауда салмақты рөл атқарып отыр.
«Біз құрылыс материалдарының нарығына түгелдей талдау жасадық. Қазақстанда құрылыс материалдарын жүз пайыз дерлік өзімізде өндіруге болады. Технологиялық тізбектен бастап нарыққа дейінгі жасалған талдау қорытындысы сұранысты алыпсатарлар ушықтырғанын көрсетті. Тасымалдау бағасы өскен. Бәсекелестікті қорғау агенттігі іске кірісіп еді, бағалар түсе бастады. Нарықтағы сұраныс, ажиотаж, бетон өндірісі, цемент бағасы – мұның бәрі бағаға әсер ете берді» - деп түсіндірді министр.
Айтуынша, ірі қалаларда кірпіш бағасы да өскен.
«Кірпіш бағасына қатысты таңғаларлық жағдай қалыптасып отыр. Отандық өнім болса да, үш ірі қалада оның бағасы қатты өсті. Әсіресе астанамыз бен Алматы қаласында қымбаттап шыға келді. Ал өзге өңірлерде ондай баға ауытқуы болған жоқ. Бүгінде бетон мен цементке деген қажеттілікті жүз пайыз, арматура бойынша 65% өтеп отырмыз. Құрылыс материалдарының нарығын жергіліктендіру бағытында 35 жаңа жоба жоспарланған», - деді министр.
Министрдің пайымынша, тұрғын үйге деген сұранысты біржолғы зейнетақы төлемін алуға берілген рұқсат та ушықтырған.
«Бұл негізі дұрыс шешім болды. Соның арқасында азаматтарымыздың көбі жағдайларын жақсарта алды, біразы несиелерін жапты» - деді Бейбіт Атамқұлов.