ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Еуропаның «AIRBUS D&S» ұшақ жасау концернінің вице-президенті Йоаннис Папакристофилумен жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келіссөздер барысында Қазақстанның «AIRBUS» концернімен әуе құрылысы және ғарыш салаларындағы өндірістік кооперациясын кеңейту мәселелері қозғалды. Республика аумағында «Ghalam» ЖШС және «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС сияқты бірқатар жоғары технологиялық кәсіпорындар құрылып, жұмыс істеп жатыр.
Келіссөздер қорытындысында тараптар сындарлы диалог үшін бір-біріне ризашылық білдіріп, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС бірлескен кәсіпорны 2011 жылы құрылды. Осы уақыт ішінде кәсіпорын 31 тікұшақ құрастырды. Оның екеуі - Н125 - Өзбекстан мен Тәжікстанға экспортталды. 2030 жылға дейін жалпы сомасы 168 млн еуроға 21 тікұшақ шығару жоспарланған.
Сондай-ақ, Қазақстанда «Airbus D&S»-пен ғарыш аппараттары мен олардың құрастырғыштарын өндіру жөніндегі «Ghalam» ЖШС бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК« АҚ (72,5%) мен AIRBUS D&S (27,5%) арасындағы бірлескен кәсіпорын 2010 жылы технологиялар трансфертін пайдалану және іске асыру, инжинирингтік қызметтер көрсету, ғарыш аппараттарына жиынтықтаушылар өндіру жөніндегі мамандарды даярлау үшін құрылды.