02 мау, 2021 сағат 13:33

Бейбіт Атамқұлов: Ақылы жолдарға жаңа тариф әлі енгізілмейді


Елдегі ақылы жолдарда 2013 жылғы тариф қолданылып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов халық алдындағы есебі кезінде осныдай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тарифке келетін болсақ, Қазақ жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары ауыр жүк көліктері үшін «38» деген сан ұсынған болатын. Бірақ министрлік пен салалық ведомство бұл тарифті бекіткен жоқ. Қазір 2013 жылғы тариф қолданылын отыр. Ақылы негіз біртіндеп ақаусыз учаскелерге ғана енгізіледі», - деді министр. 

Сондай-ақ ол төлемақы ставкалары жаңа учаскелерде де сақталатынын ескертті. 

«Көрші елдерде ақылы жүйе талайдан бері бар. Ондағы тарифтік мөлшерлемелер Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Салыстырып қарасақ, Ресейде жүк машиналары 1 км үшін 22 теңге төлейді, Италия мен Германияда - орта есеппен 70 теңге, Беларусьте - 80 теңге төлейді, ал Хорватияда жүк көлігі үшін жолда жүру 122 теңге тұрады», - деді Бейбіт Атамқұлов. 

Министрліктің ресми дерегі бойынша, қазір еліміздің ақылы жолдарында тариф жеңіл автомобиль үшін 1 шақырымға - 1 теңге. 

Ал автобустар үшін отырғызу орындарының санына байланысты бір шақырымға 5-тен 15 теңгеге дейін құбылады. 

Ауыр жүк көлік иелері бір шақырымға 5 теңгеден 25 теңгеге дейін төлейді.