Бүгінде экстремизм үшін ШЫҰ елдері аумағында Қазақстан іздеу салған адамдар жоқ. Бұл туралы Парламент Сенатында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде экстремизм бойынша ШЫҰ елдері аумағында біздің тарапымыздан іздестіруде жүрген адамдар жоқ. Алайда соңғы бес жылда ШЫҰ елдері аумағында Қазақстанның 30 азаматы іздестіріліп, елге қайтарылды, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олар негізінен Қырғызстаннан, яғни 25-ке жуық адам, сондай-ақ Ресей мен Тәжікстанда да іздестірілді», - деді Нұрғали Білісбеков сенатор сауалына жауап бере отырып.
Оның сөзіне қарағанда, соңғы бес жылда 200-ден астам адам Қазақстан аумағында іздестірілген әрі ұсталған. Кейіннен олар ШЫҰ елдері құзыретті органдарына тапсырылды.
Бұдан бөлек Білісбеков ШЫҰ аясында лаңкестік немесе экстремистік әрекеттерге қатысты адамдардың бірыңғай тізбесі жүргізілетінін жеткізді.
«Ондай адамдардың жалпы саны 7 мыңнан астам. Олардың ішінде 700-ге жуығы Қазақстан азаматы. Олар негізінен қақтығыс аймақтарына барғандар, яғни Таяу Шығысқа шыққандар», - деді ҰҚК өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Жусан» гуманитарлық операциясының төрт кезеңін қорытындылады.
«2019 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үйлестіруімен Сириядан 595 Қазақстан азаматы қайтарылды. Операцияның бірінші кезеңінде 47 адам, оның ішінде 6 ер адам, 11 әйел және 30 бала, екінші кезеңінде 231 адам, оның ішінде 16 ер адам, 59 әйел және 156 бала (18 жетім), үшінші кезеңінде 246 адам, оның ішінде 8 ер адам, 67 әйел және 171 бала (9 жетім), төртінші кезеңінде 71 адам, оның ішінде 3 ер адам, 19 әйел және 49 бала (5 жетім) елге жеткізілді. Осылайша, жалпы Сириядан қайтарылғандар саны – 595 азамат (33 ер адам, 156 әйел, 406 бала (32 жетім)», - деп хабарланды ҰҚК Youtube парақшасынан.
Айта кетейік, бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын ратификациялау туралы» Заңы қабылданды .