14 шіл, 2023 сағат 14:27

Бес жасар қыздың өлімі: полицейлер ауылдағы жағдай туралы айтты


Түркістан облысының Полиция департаменті бес жасар қыздың өлімінен кейін Жібек жолы ауылында болған "толқу" туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында жағдай тұрақты. Күдікті ізін суытпай ұсталып, қамауға алынды. 

Оқиға орнына Түркістан облысы әкімінің орынбасары, облыс прокуроры мен облыстық полиция департаментінің бастығы, жедел-тергеу тобы шықты. 

Қазіргі уақытта тиісті іс-шаралар атқарылып жатыр. Ауыл тұрғындарымен ақсақалдар, құзыретті органдар және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кездесу өткізді.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етуге жатпайды" - делінген хабарламада.

ПД баспасөз қызметі азаматтардан тек ресми деректерге сүйенуді сұрап, жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында ауыл тұрғындары қызды өлтірді деген күдіктіні полицейлерден алып қалмақ болғанын, дегенмен құқық қорғау органы қызметкерлері оны көлікпен алып кеткенін жазған.

Мұны әлеуметтік желілердегі басқа кадрлар да растайды.