Елбасы Н.Назарбаев қоғамымыздың әлеуметтік бірлігін нығайтуға және әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын ары қарай жақсарта түсуге бағытталған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялағаны белгілі. Ел игілігіне арналған маңызды құжатта әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент-жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін көбейту, сондай-ақ, елді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру жөніндегі бастамалар қамтылған. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашқан Президент үндеуі қордаланған мәселесі мен түрлі түйткілі көп әлеуметтік саланы жаңғыртудың нақты бастамасы болып отыр.
Бұған дейін де еліміздегі әлеуметтік мәселелер легі еш уақытта толастаған емес. Бұл, әсіресе, соңғы онжылдықта тіпті үдей түсті. Бұған ел ішіндегі себеп-салдардан бөлек, әлемдік үрдістердің де салқыны әсер етіп отырғаны мәлім. Нарықтық қатынастардың экономиканың барлық саласында тереңдеуі, урбанизацияның бұрын-соңды болмаған деңгейде қарқын алуы, жұмыссыздық, жаһандық қаржы саласындағы тұрақсыздық, т.с.с. түрлі деңгейдегі, жақсылы-жаманды үдерістер әлеуметтік мәселелерді күн тәртібінен түсірмей отыр. Олардың ішінде аса өзектілері бүгінгі қоғамның ең өткір мәселесі ретінде жедел шешімін күтеді және олар белгілі бір қаражат талап ететіні мәлім. Бұл жөнінде бұған дейін де билік органдары тарапынан сөз қозғалып келді, оларды шешу жолдары көрсетілді. Бұл ретте әлеуметтік мәселелердің маңыздылығы бойынша ерекшеленетінін ескеру қажет. Соған қарай, оны шешудің мерзімі белгіленеді. Мәселен, 2000 жылдардың алғашқы онжылдығында ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету, саяси және өзге де дағдарыстардың алдын алу, сол арқылы дәйекті экономикалық өсімге жағдай жасау басты орында тұрған болатын. Мұның өзі сол тұстағы халық тұрмысын жақсартудың бір шартын құрады. «Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналуы керек еді» деп, Елбасы атап өткендей, міне, сол кезеңнің басты жетістігі саналатын ішкі саяси тұрақтылық пен экономикалық өсім бүгінде жемісін беріп отырғаны күмән туғызбайтын ақиқат. Әлеуметтік проблемалардың шешімін табуы да сол экономикалық өсімге келіп тіреледі. Қоғам мүшелерінің әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі жоғары болған сайын, әлеуметтік тұрақтылық, тыныштыққа сенім мол болады.
Жалпы адами қатынастар тұжырымы бойынша, адамдардың іс-әрекетінде ең алдымен әлеуметтік мұқтаждық басымдыққа ие. Әрбір адамның жеке басының және отбасының проблемалары оның жұмысына, қызметіне, басшылыққа көзқарасына салқынын тигізуі мүмкін. Бұл, өз кезегінде, девиациялы мінез-құлықтың тууына да әкеп соғатын құбылыс. Сондықтан, мемлекет қатардағы азаматтың ең басты әлеуметтік қажеттіліктерін неғұрлым толық қанағаттандыра алса, ол азамат та өз тарапынан оның шешімдерін оң қабылдайды. Тиісінше қоғамда әлеуметтік тыныштық, тұрақтылық орнайды. Тұрмыстық, экономикалық ынталандырулар әлеуметтік-психологиялық жағынан да жағымды әсер етеді. Демек, билік органдарының басты міндеті – тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу, оны неғұрлым ізгілендіру. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасының бес әлеуметтік бастамасы әлеуметтік мәселелерді шешудің заман талабына сай тәсілдерін қалыптастыруға назар аудартуымен де құнды.
Мәселен, «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасы қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған. Осы уақытқа дейін елімізде жылына миллиондаған шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе де, түрлі бағдарламалар қабылданса да, қалалар мен үлкенді-кішілі елді мекендердегі көптеген отбасы әлі де баспанасыз, ал, тұрғын-үй ипотекасы көпшілікке жаппай қолжетімді бола алмады. Осы орайда «7-20-25» бастамасының кең көлемде қолдау табуы, оның түрлі пікірлер туғызып, қызу талқылануы баспана мәселесінің тұрғындар үшін ең өткір мәселе екенін көрсетіп отыр. Сондықтан, Елбасы бастамасымен қолға алынған бағдарлама жұмыс істейтін әрбір адамның несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктерді іске асырмақ. Бұл ретте несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 проценттен аспайтын болады. Сондай-ақ Елбасы бастапқы жарна ретінде құйылатын қаражат баспана құнының 20 пайызынан аспауға тиіс екендігін ескертті. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады. Бұл үшін Президент тапсырмасы бойынша Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу көзделген. Егер, бұл бағдарлама тиісті деңгейде жүргізілсе, миллиондаған қазақстандықтың баспана мәселесі оң шешімін табуы тиіс. Бұл ретте жеңілдікпен берілетін үйді нағыз мұқтаждарға ғана беру басты назарда болмақ.
Баспана мәселесімен тығыз байланысты тағы бір бастама – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту. Экономикалық өсімге қарамастан, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде жалақыны 25 айлық есептік көрсеткіштен (60 мың теңге) төмен алатын шамамен 2 миллион адам бар екен. Олар негізінен жалдамалы жұмыскерлер екені белгілі. Осы азаматтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, олардың салық жүктемесі 10 есеге азайтылып, 1 процент қана салық төлейтін болады. Яғни, бұған дейін жеке табыс салығына кеткен ақша (5-6 мың теңге) енді оның қалтасында қалады. Төмен жалақы алатын азаматтардың дені ауылда екенін ескерсек, табыс салығынан үнемделген бұл қаражат олардың әйтеуір бір жыртығына жамау болары анық.
Сонымен, тиісті мекемелер Елбасы бастамасын жүзеге асыруға кірісіп кетті. «7-20-25» бағдарламасы айдан анық көрсетіп бергендей, елімізде тұрғын үй бағдарламасына қатысты мәселелер жеткілікті. Еліміздің барлық азаматтарының баспана мәселесін шешу үшін бір емес, ондаған триллион ақша керек екені даусыз. Өйткені, сарапшылардың айтуынша, көптеген тұрғындар сол 20 пайызды жинақтауға да қабілетсіз. Сондықтан, халықтың төлем қабілетін арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту әлі де үздіксіз шаралар жүргізуді қажет етеді. Жеке басының және отбасының басты мәселелері шешілген адам ғана айналасына, қоғамға пайда келтіре алатыны белгілі. Яғни, өз мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінген адам тиісінше өз елін жан-жүрегімен сүйіп, патриоттық танытуға ұмтылады, өз тағдырын елінің болашағымен бірге жоспарлайды. Қазіргі таңда бұл Елбасы ұсынған бес әлеуметтік бастаманың оңтайлы жүзеге асырылуымен, орындалатын жұмыстардың тындырымдылығымен тікелей байланысты.
Дина ИМАМБАЕВА,
әлеуметтік ғылымдар магистрі