06 қар, 2021 сағат 09:49

Берлинде елшілік алдында ресейлік дипломаттың денесі табылды

Ресейдің Германиядағы елшілігі.

Берлинде Ресейдің Германиядағы елшілігінің екінші хатшысы белгісіз жағдайда қаза болды, деп хабарлайды Азаттық.

Бұл жөнінде жұма күні Spiegel басылымы хабарлады. Ондағы ақпаратқа сәйкес, полиция 35 жастағы ер адамның денесін 19 қазанда таңертең дипмиссия ғимаратының алдындағы тротуардан тапқан.

Болжам бойынша, ол жоғары қабаттан құлаған болуы мүмкін. Spiegel-дің жазуынша, дипломаттың мәйіті Ресейге тапсырылған. Ресей елшілігі "этикаға байланысты" "қайғылы оқиғаға" түсініктеме бермеді. 

Марқұмның дипломатиялық мәртебесі болғандықтан неміс прокуратурасы тергеу жүргізе алмаған. Мәйітке сараптама жүргізуге Ресей тарабы рұқсат бермеген. 

Дипломаттардың ресми тізіміне сүйенген Spiegel марқұм Берлиндегі елшілікте 2019 жылдың жазынан бері аккредитацияда болғанын жазады. Германия қауіпсіздік қызметі ол ФСБ (Ресей қауіпсіздік қызметі) мен арнайы қызметке астыртын жұмыс істеді деген болжамды терістемейді. 

The Insider және Bellingcat басылымдары ашық дереккөздерін сараптай отырып, марқұмның аты-жөнін Кирилл Жало екенін анықтаған. Ол – конституциялық құрылымды қорғау және терроризммен күрес жөніндегі басқарма (екінші ФСБ) жетекшісінің орынбасары, генерал-лейтенант Алексей Жалоның ұлы. 

Spiegel, The Insider, Bellingcat және CNN жүргізген журналистік зерттеуге сәйкес, аталған басқарманың оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың улануына қатысы бар. Ресей билігі мұны жоққа шығарады. 

Батыс елдерінің арнайы қызметі екінші ФСБ-ны 2019 жылы тамыз айында Берлин саябағында қаза болған бұрынғы шешен қолбасшысы Зелимхан Хангошвилидің өлімімен байланыстырады. Бұрын Ресей қорғаныс министрлігінің Венадағы тұрақты өкілдігінде үшінші хатшы қызметін атқарған Кирилл Жало Ресейдің Германиядағы елшілікте сол оқиғаға дейін екі ай бұрын аккредитациядан өткен. Дегенмен Жалоның ауысуы кездейсоқ болуы да мүмкін деп топшылайды The Insider басылымы.