Фото ашық дереккөзден алынды
Берік Уәли жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Мемлекет басшысының өкімімен Берік Уәли Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды", - делінген Ақорда хабарламасында.
Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын бұл қызметке Нұрмұхамед Байғараев тағайындалған еді. Алайда ол денсаулығына байланысты қызметінен өз еркімен босатылды.
Берік Уәли 1997 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын "Кинотанушы", 2005 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын "Журналистика", 2014 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін "Құқықтану" мамандықтары бойынша бітірген.
1997-2012 жылдары – "Хабар" Агенттігінің, "ТАҢ" телекомпаниясының, "НТК" телеарнасының, "31 канал" ЖШС-нің журналисті, ақпараттық бағдарламаларының редакторы, "Нұр Медиа" ЖШС-нің жемқорлыққа қарсы медиа орталығының жетекшісі.
2018-2019 жылдары Қазақстан ұлттық арнасының "1-студия" саяси ток-шоуының жетекшісі әрі жүргізушісі.
2012-2015 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің басшысы, Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы.
2015-2016 жылдары – Nur Otan партиясы төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі.
2016-2018 жылдары – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі, Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры.
2018-2019 жылдары – Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы.
2019-2022 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы.
2022 жылдың наурыз айында "Хабар" Агенттігі" акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы қызметіне тағайындалды.
Ол - "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. "Құрмет" орденінің, бес мерейтойлық медальдің, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің "Мінсіз қызметі үшін" медалінің иегері.