"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев Bereke Bank (бұрынғы "Сбербанк Қазақстан") директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан қор биржасы (KASE) мәліметі бойынша, "Ресей Сбербанкі" АҚ еншілес банкі заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеу туралы 2022 жылғы 14 қыркүйектегі анықтама көшірмесін ұсынған, оған сәйкес ұйым Bereke Bank АҚ болып қайта тіркелген.
Сондай-ақ, директорлар кеңесінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі шешімі бойынша Қанат Шарлапаев банктің директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланғаны хабарланды.
"Енгізілген өзгерістерді ескере отырып, Bereke Bank АҚ директорлар кеңесі бес адамнан тұрады: А.Р. Елемесов, М.Д. Мәдиев, А.Б. Мұхамеджанов, Е.Е. Хамитов, Қ.Б. Шарлапаев", - делінген хабарламада.
Қанат Шарлапаев "Бәйтерек" холдингін 2022 жылдың ақпанынан бастап басқарып келеді. Бұған дейін "Сити" инвестбанкінің (БАӘ) Африка, Таяу Шығыс және Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарындағы стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі өңірлік директоры болып жұмыс істеген.