Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов ат спорты кешенін аралау кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа асылтұқымды ақалтеке сыйға тартты.
Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісінде жариялады.
"Ашхабадтағы жылқы кешенін аралап көру барысында Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа асылтұқымды Ақалтеке арғымағын сыйлады.
Бұдан бөлек, еліміздің басшысына түрікмен тазысының күшігін сыйға тартты", - деп жазды Берік Уәли.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан президентіне "керемет сыйы" және "бауырлас түрікмен халқы" тарапынан достық танытқаны үшін алғыс айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Түрікменстанға мемлекеттік сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Гурбангулы Бердімұхамедовпен бірге Ақалтеке жылқысына арналған кешеннің ипподромын аралап көргені хабарланған болатын.