05 сәу, 2019 сағат 16:52

Бердібек Сапарбаев: "Оңтүстіктегі ағайынды солтүстікке шақырыңыздар!.."

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Қостанайдағы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлеріне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет мүшелері Қостанай ауданының Затобол және Мичурин ауылдарында тұратын көпбалалы отбасыларға барды. Соның бірі - мектеп жасындағы 6 баласы бар Михайловтар отбасы. Олар Затобол ауылындағы жер үйлердің бірінде тұрады. Отағасының айтуынша, олар ай сайын әкімдіктен материалдық көмек алады. Жергілікті билік былтыр бұл отбасыға қысқы отын алу үшін де қаражат бөлген. Енді Гүлшара Әбдіқалықова үйдің шатырын жөндеу және терезелерін ауыстыруда көмек көрсетілуі керек екенін айтып, әкімдікке тапсырма берді.


Вице-премьер Мичурин ауылында тұратын Кимдер отбасына да ат басын бұрды. Олар бес қызды тәрбиелеп отыр. Қыздардың барлығы сабақты жақсы оқиды. Бұл отбасы үйді кеңейту үшін әкімдікке өтініш жазған. 

«Облыстағы корей этно-мәдени бірлестігі Кимдер отбасын қамқорлыққа алды. Құжаттары дайын. Енді 4 қосымша бөлме салып береміз. Қазір үйдің көлемі 28 шаршы метр болса, енді ол 70 шаршы метрге дейін ұлғаяды. Алдағы үш ай жазда құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтаймыз», - деді «БК-Строй» құрылыс компаниясының директоры Валерий Полешко.

Ал Гүлшара Әбдіқалықова балалардың өсіп келе жатқанын айтып, үй иесіне жеке кәсіп ашуға кеңес берді.

«Бес балаңыз да өсіп қалыпты. Олардың жағдайларының жақсы болуы сізге тікелей байланысты. Сол себепті, өз кәсібіңізді ашыңыз. Қазір тегін оқу курстары бар. Сізге жергілікті билік көмектеседі», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Бұдан кейін Үкімет өкілдері Рудный қаласындағы көпбалалы Мырзатаевтар отбасына барды. Бұл жанұяда алты бала өсіп келеді. Отағасы Әбіш Мырзатаев қоғамдық көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Ал жары Индира Назарова әзірге үй шаруасында. Отбасы бірнеше жыл бұрын Түркістан облысынан Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келген. Алайда, отағасы жұмыс бабымен кеншілер қаласына қоныс аударды. Мұнда олар атаулы көмекке ие болып отыр. Баспана кезегіне де тұрды.

«Сіздерге оңтүстіктегі Жетісайдың ыстығынан соң солтүстіктің суығана үйрену оңай емес. Климат адамға әсер етеді. Енді бұл жерде ұлттық құндылықты сақтауда, мемлекеттік тілдің қанат жаюына үлестеріңізді қосыңыздар. Оңтүстіктің еңбеккерлігі мен мәдениетін көрсету керек. Қажет болса, Жетісайдағы жұртты Рудныйға шақырыңыздар!» - деп кеңес берді Бердібек Сапарбаев.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаевтың мәліметінше, өңірде «Бақытты отбасы» жобасы сәтті іске асырылуда. Осы уақытқа дейін 2 мыңнан астам отбасыға материалдық көмек көрсетілді. Сонымен қатар демеушілер көпбалалы 14 отбасыға пәтер сатып алып берген.

Еске салсақ, Гүлшара Әбдіқалықова кеше де көпбалалы отбасылармен кездесті. Соның бірі - Шәкіровтар отбасына меценат Игорь Ким үш бөлмелі пәтер алып бергенін хабарлаған болатынбыз.

Бүгін Үкімет мүшелері Рудный жұмысшыларымен кездесті.