26 ақп, 2019 сағат 11:06

Бердібек Сапарбаев ақтөбеліктерге алғыс айтты

Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Ақтөбе облысы мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

А. Мамин мәслихат депутаттарына Мемлекет басшысының О. Оразалин кандидатурасын Ақтөбе облысының әкімі лауазымына ұсыну туралы хатын оқып берді. Депутаттар ҚР Президенті ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады. 

"Елбасының Жарлығы бойынша Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысы әкімі қызметінен босатылып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Бердібек Мәшбекұлы осы облысты 4 жылға жуық басқарды. Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін берілді. Жаңа әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым жобалары іске асырылды. Бердібек Мәшбекұлына өңірдің қарқынды дамуы және экономикасында атқарған жұмысы үшін алғыс білдіреміз. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы жаңғырту бойынша аса маңызды мақсат, міндеттер белгілеп отыр. Осы маңызды міндетті іске асыруды Бердібек Мәшбекұлына тапсырып отыр", - деді Премьер-Министр Асқар Мамин.


Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев ақтөбеліктерге алғыс айтты.

"Өз тағдырыма ризамын. 30 жылға жуық Мемлекет басшысының қасында, сенімінде келе жатырмын. Қазір маған тағы үлкен сенім артып отыр. Елбасына рақмет айтамын. Бұл сенім әрі үлкен жауапкершілік. Мен тәжірибемді, білімімді сенімді ақтауға жұмсаймын. Халықтың тұрмысын, жағдайын жақсартуға еңбек етемін. Ал ақтөбеліктерге рақмет айтамын. Қолдап, көмектестіңіздер. Қолдау, көмек болмаса үлкен іс бітпес еді", - деді Б. Сапарбаев.

Ал Оңдасын Оразалин үлкен сенімді ақтөбеліктермен бірге ақтауға уәде берді.

"Кіндік қаны тамған жеріне, халқына  қызмет ету ерекше мәртебе, екіншіден қиындығы мен жауапкершілігі бар жұмыс. Елбасы сенім білдірген соң сенімді ақтауға күш- қайратымызды жұмсаймыз. Абырой ортақ", - деді Оңдасын Оразалин.