Фото: parlam.kz
Руслан Берденов сотта жауапкер Жиенбай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге әлеуметтік желіде жауап берді, деп хабарлайды Ult.kz.
«Бұл тек қана шантаж және қысым көрсету әрекеті. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ.
Кейінірек ол өкілдерімен бірге менің қорғаушыларыммен байланыс орнатуға тырысып, «достасуды» ұсынды. Кешірім берілсе, шу көтермейміз деді, ал бас тартқан жағдайда «ақпараттық жарылыс» жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті, айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын айтты», -деді ол.
Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын
Берденов мұны тікелей қысым деп бағалап, қандай да бір қысым мен арандатуға жол бермейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ қақтығыс кәсіби, қызметтік сипатта екенін айтып отыр.
«Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім. Ал қоғам назарын «қызғаныш», «жеке қатынас», «жұбайы» секілді жалған себептерге бұру - манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын.
Бұдан да сорақысы – бүгінде бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын», -деді Руслан Берденов.
Әділетті, ашық сотқа сенемін
Ол депутаттық өкілет мерзімі аяқталған соң да, мемлекетке адал қызмет ету жолынан таймағанын, соңғы үш жылын осы жолға арнағанын және қала әкімінің шақыруымен әкімдікке келіп, ашық, адал жұмыс істеуге, халыққа шынайы көмек көрсетуге күш салғанын айтыпты.
«Мен сайлауға барып, елімді жақсартқым келді. Менің артымда елімізге, өзгерістерге сенетін жастар тұр. Бұл - үлкен жауапкершілік, мен оны сезінемін. Әкімдіктегі жұмысым да осы сенімді ақтауға бағытталған. Маған қарсы айтылған жала, жапқан жалған айыптар мені жолымнан тайдырмайды. Әлі де әділетті, ашық сотқа сенемін», -деді Берденов.
Денсаулығына қатысты баяндаған әкім орынбасары денесінде аңшы мылтығының 60-тан көп қорғасын оқтары әлі де барын айтты. «Бұл құжатпен расталған факт» деді ол.
«Соттағы жоқтығымды, үнсіздігімді өздеріне тиімді жағына бұрып, қоғамдық пікірмен ойнағысы келетіндер бар. Бірақ үнсіздік келісім деген сөз емес. Мен әділетті сотты күтіп отырмын», - деді Берденов жазбасында.
Жиенбайдың соттағы сөзі
Кеше өткен сот отырысында айыпталушы Ернар Жиенбай кінәсін мойындамайтынын, тек "қорқыту үшін" жасалған әрекет екенін айтты. Ол Руслан Берденов әйеліне хабарлама жазғанын айтты.
«Әйелімнің телефонына қарасам, Руслан Берденов оған лайк басып, "Сен әдемісің!" деп жазған. Мен бұдан артық ештеңе ойлаған жоқпын» , – деді ол.
Оқиғаның мән-жайы
Айта кетейік, биыл 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының маңында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке аңшылық қарудан оқ атылған. Шенеунік жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. 4 сағаттық отадан кейін ол аман қалды.
Күдікті Ернар Жиенбай есімді азамат ұсталған. Айыпталушыға "адам өлтіруге оқталды" деген айып тағылған.
Сот Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр. Сот ашық өтуде. Жәбірленуші Берденов сотқа қатыспады. Мұны ол "денсаулығына байланысты" деп түсіндірді.
