05 қар, 2021 сағат 19:50

Бензин бағасының өсуіне негіз жоқ – Энергетика министрлігі


Еліміздің Энергетика министрлігі Қазақстанда бензин бағасының өсуіне негіз жоқ екенін алға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде елімізде бензиннің бағасы тұрақты. Біз бинзин бағасына қатысты соңғы 3 жылдың статистикасын қарадық, осы уақыт аралығында баға 15 теңгеге қымбаттаған. Яғни 63 теңгеден 179 теңгеге жеткен және бензин бағасы әр өңірде әртүрлі. Әрине бағаның Алматыға қарағанда Атырауда арзан болатыны түсінікті. Дегенмен бүгінгі таңда бензин бағасының өсуіне негіз жоқ. Екіншіден, бензин бағасын Энергетика министрлігі реттемейтінін еске салғым келеді. Баға нарыққа байланысты. Иә, кейбір бензин өндірушілер нарық тұрақсыздығын пайдаланып бағаны өсіріп, қалта қамын ойлауы мүмкін. Осы орайда біз мониторинг жүргізіп отырмыз, мақсат – жанар-жағармай тапшылығы мен баға өсуінің алдын алу және болдырмау», - деді ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Мұрат Жөребеков ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ, вице-министр елімізде жанар-жағармай бағасының көрші елдермен салыстырғанда арзан екенін тілге тиек етті. 

«Жанар-жағармай бағасын көрші елдермен салыстырсақ, оларда айтарлықтай қымбат. Мысалы, АИ-92 бензині Қырғызстанда 289 теңге тұрады, Өзбекстанда 323 теңге ал Ресейде 287 теңгені құрайды. Жалпы жанар-жағармай бағасы үнемі назарда», - дейді ол.