24 нау, 2022 сағат 18:23

Бельгияда Қазақстаннан келетін жүктерге қатысты ешқандай кедергі жоқ


Бейсенбі күні Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Марғұлан Баймұхан халықаралық Антверпен портының вице-президенті Люк Арноутспен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат Бельгияның теңіз терминалының басшылығы мен операторларына Батыс елдерінің санкцияларына жатпайтын қазақстандық жүктерді кемсітпеуге шақырды.

Антверпен порты басшылығының айтуынша, әзірге қазақстандық жүктерді ауыстырып тиеуді тоқтату жағдайлары тіркелмеген. Сонымен қатар, ЕО институттары мен Бельгия федералды үкіметінің қазақстандық жүктерді бұғаттау туралы шешімдері жоқ. 

Халықаралық Антверпен теңіз портының вице-президенті Л.Арноутс Антверпен портында жұмыс істейтін теңіз операторларына қазақстандық жүктерге қатысты шектеу шараларының жоқтығы туралы қосымша хабарлайтынына сендірді. 

Бельгияның Антверпен теңіз порты әлемдегі ең үлкен 20 порттың бірі және Еуропалық Одақта 2-ші (Нидерландыдағы Роттердам портынан кейін) болып табылады. Порт 13000 га жерді, 1100 км темір жолды алып жатыр. Портта 143 мыңға жуық жұмыс орны бар және 1000 компания жұмыс істейді, ондағы Бельгияның ЖІӨ үлесі 4,1% құрайды.