08 қыр, 2023 сағат 11:05

Белгісіз біреу депутат тұратын пәтердің алдындағы бесік арбаны өртеген


Алматыда белгісіз біреу Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің пәтерінің алдында тұрған бесік арбаны өртеп жіберді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Депутат болған жағдайды әлеуметтік желідегі парақшасында баяндады.

"Менің отбасыма белгісіз біреулерден қоқан-лоққыға ұқсайтын әрекеттер басталды. Кішкентай балапанымның коляскасын пәтерімнің есігі алдында жағып жіберген. Осылай, Ескі Қазақстанның өкілдері өзінің бар-жоғын ескертіп, білдіртіп отырғандай сезінесің! Не болса да, тергеу қорытындысын күтейік", - деп жазды Базарбек.

Оның айтуынша, үйдің кіреберісінде тура пәтердің алдында бейнебақылау камерасы бар, сыртта да біреуі орнатылған.

"Сондықтан тергеушілер үшін ешқандай қиындық болмауы керек", - деп атап өтті депутат.

Айта кетері, депутат Базарбек Алматыдан бір манданттық округтен сайланды. Заңгер жер мәселесін жиі көтереді. Бұған дейін ол банктердің иелігіндегі 2 млн га жерді мемлекетке қайтаруды талап еткен.