Танымал қазақстандық актер Юрий Померанцев 100 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ақпаратты Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театры растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Юрий Померанцев 1923 жылы 11 ақпанда Киевте дүниеге келген. 30-жылдары әкесі Қарағанды шахтасында жұмыс істеп, отбасы осы қалаға көшіп келді. Бірақ 1938 жылы әкесі атылып, кішкентай Юра анасымен бірге Мәскеуге көшуге мәжбүр болады. Мектеп бітірген жас түлек соғысқа аттанып, жаралы болып оралады.
Ұзақ емделгеннен кейін 1943 жылы Алматыға көшіп келіп, кейін анасын көшіреді. Театрға деген махаббаты осыдан басталған. Юрий Померанцев алғаш рет Наталья Сацтың балаларға арналған жаңадан ашылған театрының "Қызыл телпек" спектаклінде қасқырдың рөлін сомдаған. Осылайша арнайы білімі болмаса да, актерлық мансабы басталады.
Померанцев 79 жыл сахнада 300-ден астам рөлді сомдаған. Ол 1957 жылы "Біздің сүйікті дәрігер" фильміне түсіп, доктор Анатолий Николаевич Лавровтың рөлін сомдағаннан кейін танымалдылық пен халықтың ыстық ықыласына ие болады. Қазақстанның Еңбек Ері, көптеген ордендердің, соның ішінде Еңбек Қызыл Ту, Отан соғысы және "Отан" ордендерінің иегері.
844 рет оқылды