12 қар, 2021 сағат 18:26

«Белавиа» Ирак, Сирия және Йемен азаматтарын Түркиядан Беларуське тасымалдауын тоқтатады


Беларусь елінің «Белавиа» ұлттық әуе компаниясы Ирак, Сирия және Йемен азаматтарын Түркиядан Беларуське тасымалдауын тоқтатады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

«Түркияның құзырлы органдарының шешімі бойынша, 2021 жылдың 12 қарашасынан бастап Ирак, Сирия, Йемен азаматтары Түркиядан Беларуське ұшырылатын рейстерге қабылданбайды», - делінген компания баспасөз қызметінің жұма күні жариялаған, хабарламасында. 

Онда «Белавиа» әуе компаниясының тыйым салынған жолаушылары әуе билетін сатып алған жерге тапсырып, ақшасын қайтарып алатыны атап өтілді. Бұған дейін Беларусь пен Польша шекарасындағы көші-қон дағдарысына байланысты Turkish Airlines әуе компаниясының Ирак, Сирия және Йемен азаматтарына өз рейсіне билет сатпайтыны хабарланған. Билеттерді тек дипломатиялық төлқұжаты бар азаматтар ғана сатып алады. Жыл басынан бері мигранттар көптеп жиналған Беларусь пен Латвия, Литва мен Польша шекарасындағы миграциялық жағдай 8 қарашада күрт шиеленіскен. 

Беларусь жақтан Польша шекарасына қарай бірнеше мыңдаған адам жиналып, шекара аймағынан кетпеуде. Олардың көбі Польшаға тікенді сымнан жасалған бөгетті бұзып өтпек болған. 

ЕО елдері Минскіні «дағдарысты әдейі ушықтырды» деп айыптап, санкция салуды ұсынды. 

Беларусь президенті Александр Лукашенко бұл жағдайға Батыс елдерін кінәлап отыр, оның айтуынша, батыс елдері әрекетінің салдарынан адамдар еліндегі соғыстан қашып жүр.