Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Беларусь Республикасына мұнай экспорттау туралы келісімнің қашан ратификацияланатынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жуықта Беларусь Республикасының Премьер-Министрінің Қазақстанға жасаған сапары кезінде Беларуське мұнай жеткізу туралы келісімге қол қойылды. Енді бізге осы келісімді ратификациялау керек. Парламент ратификациялағаннан кейін индикативті жоспар мен жеткізілуі мүмкін тауарлардың тізбесін жасаймыз. Беларусь Республикасына тасымалданатын мұнай өнімдерінің түрлері мен көлемі осы жоспарды дайындау кезінде талқыланады. Бүгін ғана Парламенттің жетінші сессиясы жабылды. Парламент күзде жандандырады. Сол кезде осы құжатты ратификациялауға енгіземіз», - деді Нұрлан Ноғаев елд алдындағы есептік кездесуін қорытындылаған брифингіде.
Сондай-ақ, ол аталмыш келісімнің Қазақстанға санкциялық қаупі жоқ екенін айтты.
«Біріншіден, біз аталған келісімді ратификациялауымыз керек. Мен санкциялық мәселелердің бұл бөлігі Қазақстанға ұласады деп ойламаймын», - деді ведомство басшысы.