17 қар, 2025 сағат 10:41

Беларусь блогері Mellstroy Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ

Фото: ашық дереккөз

Астанада «Mellstroy» блогеріне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу басталды деп хабарлайды Ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) «Mellstroy» лақап атымен танымал белорусь блогері Андрей Буримге қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын ресми мәлімдеді. Ол Қазақстан пайдаланушыларына да бағытталған заңсыз онлайн-казино Mellstroy.game платформасын жарнамалау бойынша күдікке ілінді.

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті блогерді халықаралық іздеуге жариялады. Сот Буримге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.

Тергеу мәліметінше, Mellstroy әлеуметтік желілерде ірі көлемді жарнамалық науқан ұйымдастырып, түрлі ұтыс ойындары мен челлендждер жариялаған. Қатысушыларға TikTok, YouTube Shorts және өзге платформаларда Mellstroy.game атауын, логотиптерін және сайт сілтемелерін көрсету ұсынылған.

Агенттік мәліметіне сүйенсек, блогер бұрын Ресейде тікелей эфир кезінде адамды ұрып-соққаны үшін жауапқа тартылған. 2025 жылдың қарашасында Минск қалалық соты оның барлық арналарын және логотиптерін экстремистік материал деп таныған.

ҚМА азаматтарды заңсыз ойын бизнесін жарнамалаудан аулақ болуға шақырып, күмәнді жарнама туралы дереу «AFM Insider» Telegram-ботына хабарлауды сұрайды.