Ұлттық банктің басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов 2023 жылы да қаржы реттеушісінің ақша-кредит саясаты қатаңдауы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2023 жылдан бастап инфляцияны жоспарлы түрде төмендету үшін қажетті базалық мөлшерлеме деңгейіне барынша нақты бағалау жүргізіледі. Базалық мөлшерлеменің ағымдағы көтерілу мөлшері жеткіліксіз болған жағдайда Ұлттық банк ақша-кредит талаптарын одан әрі қатаңдату мүмкіндігін қарастыратын болады. Бұл сценарийдің ықтималдығы жоғары деп бағалануда», деді ол Ұлттық банктің арнайы брифингінде.
Ғалымжан Пірматов жыл соңына болжанып отырған инфляция мен ақша-кредит талаптарының бағалауларын ескергендерін, базалық мөлшерлеменің тағы да көтерілуі мүмкін екенін айтады.
«Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2022 жылғы 5 желтоқсанда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 14:00-де жарияланады», - деді ол.
Еске салсақ, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16%-ға дейін көтерді.