20 сәу, 2022 сағат 16:28

Байзақтағы жарылыста жоғалып кеткен сарбазды әлі іздеп жатырмыз – министр

коллаж: Tengrinews.kz

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Байзақтағы жарылыста із-түзсіз жоғалған әскери қызметші туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен оның ата-анасымен кездестім. Қыс мезгілінде ауа-райының қолайсыздығына байланысты іздеуді уақытша тоқтаттық. Біз қазір утилизация жұмыстарын бастадық. Сәйкесінше осы әскери қызметшінің сүйегін деп айтқым келмейді, жалпы іздестіру жұмыстары жалғасуда. Ол тіпті жарылыстың эпицентрінде болса да, ештеңе қалмауы мүмкін емес қой. Қандай да бір нәтиже шықса, хабарлаймыз», - деді министр Мәжіліс отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында. 

Министр қазір уақыт пен мерзім туралы айту қиын екенін жеткізді. 

«Себебі онда әлі де көп жұмыс жүргізу керек. Оның отбасын да түсінемін. Біз оларға хабар-ошарсыз мерт болды деп тануды ұсындық, сонда әлеуметтік төлемдер де, Қарулы Күштер тарапынан төлемдер болар еді. Бірақ отбасын да жақсы түсінеміз және іздеуді жалғастырамыз. Іздеу жұмыстарын бізбен қатар ішкі істер органдары да жүргізіп жатыр», - деді Жақсылықов. 

Еске сала кетейік, өткен жылдың 26 тамызында Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, артынан жарылғаны хабарланған болатын.

Оқиға салдарынан барлығы 17 адам қаза тапты. Олардың арасында ішкі істер органының қызметкерлері, әскерилер мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, әскери прокурор бар. Сондай-ақ әскери қызметші Бауыржан Дәуітбаев жоғалып, оның іздестіріліп жатқаны белгілі болды.