10 қыр, 2024 сағат 16:03

Байзақтағы жарылысқа кінәлі деп сотталған сарбаздар 23 миллиард теңге төлеуге міндеттелді

Фото: Stan.kz

Шымкентте №28349 әскери бөлімінің инженерлік оқ-дәрілер қоймасының өртенуіне кінәлілер мемлекетке 23,8 миллиард теңге төлеуі керек, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Шымкент қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қорғаныс министрлігінің 4 жауапкерден 25 093 038 236 теңге материалдық залалды өндіру туралы талабы бойынша істі қарады. 4 жауапкердің екеуі – сарбаз.

"2021 жылдың 26 тамызында сағат 18:40 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қайнар жол торабында орналасқан №28349 әскери бөлімінің инженерлік оқ-дәрілер қоймасының бірінен өрт шығып, одан кейін жарылыстар болған. Нәтижесінде 18 адам қаза тауып, бірнеше адам зардап шекті, сондай-ақ мемлекет пен жеке тұлғаларға аса ірі мөлшерде залал келтірілген", – деп мәлімдеді сот.


Жауапкерлердің кінәсі 2024 жылғы 13 наурыздағы заңды күшіне енген апелляциялық сот актілерімен дәлелденді.

Жауапкерлер әскери бөлімнің техникалық аумағында №14 инженерлік оқ-дәрілерді сақтау қоймасында өрт шығуына жол бергендіктен, аса ірі мөлшерде шығын келгені анықталды.

Енді олар 23 764 530 881 теңге мемлекет пайдасына материалдық шығынды төлеуі керек.

Дәлел болмағандықтан, қалған 1 328 507 355 теңгені төлемейді.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Байзақтағы жарылыс бойынша апелляциялық сот болып, сарбаздарды 13 жылға бас бостандығынан айырды.