Еліміз егемендік алып, еңсемізді тіктегеннен бастап облыс, қала, аудан-ауылдарды, тіпті көше атауларын қайта жаңғыртуға тырысып-ақ келеміз. Тәуелсіздік алғаннан кейін қызыл империяның қып-қызыл бояуымен аты өзгерген қазақтың жер-су атауларын қайтадан бұрынғы қалпына келтіру, тарихи-географиялық атауымен қайта атау — басты мәселелердің біріне айналды.
Біз «Жер тарихы – ел тарихы» деп елді-мекендердің атауларына ежелден мән берген халықпыз. Патшалық, одан кейінгі кеңестік отарлаудың екпінімен байырғы халықпен есептеспей, өзгертілген тарихи жер-су атауларын қайтару туралы айтыла бастаса, бұл жаңалыққа қарсы шығатындардың қарасы көбейетіні де ащы да болса шындық.
Дей тұрғанмен, соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысы көлеміндегі бірқатар жер-су, аудан-ауылдар мен көшелер атауларын қазақыландыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Өткен қыркүйек айының соңында облыс орталығына іргелес орналасқан Зеленов ауданының атауы «Бәйтерек» деп өзгеретін көрінеді деген хабар қалың жұртшылықты елең еткізгені анық. Жағымды жаңалыққа тек сол ауданның тұрғындары ғана емес, бүкіл батысқазақстандық ағайын қуанды десек артық айтқандық болмас. Сол өңірдің жастары қозғаған ұсыныс әуелі аудан жұртшылығы тарапынан қолдау тапты. Сонымен қатар аудандық тұрақты комиссия мұны бір ауыздан қуаттап, Зеленов ауданы әкімдігі мен мәслихаты біріккен қаулы мен шешім қабылдады. Жаңа бастаманы Батыс Қазақстан облыстық мәслихат депутаттары да бір ауыздан қуаттап, Үкімет жанындағы ономастикалық комиссияның қарауына жіберген болатын.
Жақында жұмыс сапарымен Зеленов ауданында болғанымызда ауыл белсенділері мен қарапайым тұрғындардың аудан атауын өзгерту туралы ой-пікірлерін де біле келуді жөн көрдік.
-Бұл тек бүгінгі күні қозғалып отырған түйіткіл емес. Сонау 2010 жылы аудан орталығындағы Мәдениет үйінде өткен халық жиынында аудан атауын қазақылау туралы ұсыныс айтылды. Сол кезде аудан аудан орталығының тұрғындары мен әрбір ауылдық округтен келгендер аудан атауын «Бәйтерек» деп өзгерту туралы ұсынысты бір ауыздан қолдаған болатын. Бірақ сол жылдары жер-су атауларын өзгеруге жарияланған мораторийге байланысты бұл жұмыс тоқтап қалды. 2015 жылы бұл мәселе қайта қозғалып, ауданға қарасты 22 ауылдық округте жиындар өткізіліп, тұрғындардың ұсынысы тыңдалды. Аталған ауылдық округ тұрғындары түгелге жуық аудан атауын өзгертуге келісімдерін берген-ді. Бірақ ол жұмыстың да соңы «сиыр құйымшақтанып» кетті,-дейді аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қадырбай Абдушев.
Ауыл ақсақалының айтуынша, 1939 жылы сол кездегі Камень ауданын екіге бөлудің нәтижесінде Зеленов ауданы құрылған. Сол кезеңде өз алдына бөлініп шыққан жаңа ауданның орталығын белгілеп атауын қою мәселесі туындаған. Ал Зеленов деген сол кездегі бір май зауыты, екі кірпіш зауыты, машина-трактор станциясы бар ірі шаруашылық болған. Сол себепті Зеленовты аудан орталығы қылып таңдаған. Кейін 1940 жылдары аудан орталығын облыс орталығына бір табан жақындату мақсатында Переметный ауылына көшірілген екен.
Енді «зеленов» сөзі қайдан шыққан деген орынды сауал туады. Ел аузындағы аңыздарға сенсек, жоғарыда айтқан Зеленов совхозы сол кездері жасыл желекке көмкерілген ауыл болса керек. Соған байланысты Кеңес дәуірінде оның атауы «зеленый», яғни «жасыл ауыл» деген мағына береді екен. Ал кейін қазақыланып аталғанда «ё» қарпі пайдаланылмағандықтан, «Зеленов» болып шыға келген. Бұрынғы тарихын білмейтіндер бұл атауды белгілі бір тұлғаның арғы тегі деп те түсінеді екен.
- Елбасымыз бірер жыл бұрын өзінің «Рухани жаңғыру:болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласын жариялады. Соның нәтижесінде халқымыз өткенін саралап, жоғалтқанын түгендеуде. Биылғы жылы аудан жастары аудан атауын өзгерту туралы түйіні шешілмеген түйіткілді қайта қозғады. Бұл жолы халықтың да, құзырлы мекемелердің де тарапынан қолдау тапқандай. Аудан атауын өзгерту туралы тұрғындардың ой-пікірін білу мақсатында ұйымдастырылған жиынға 150-ге жуық адам қатысты. Басқосуда мінберге шыққандар Зеленов ауданының атауын «Бәйтерек» деп өзгерту туралы ұсыныстарын айтты. Әрине, зал түгел қолдай кетті деп айтудан аулақпын. Бірен-саран қарсы шыққан тұрғындар аудан атауын өзгертпеу керектігі туралы дәйекті, тұшымды себеп айта алмады. Тіпті Логвинец Людмила есімді ауыл тұрғыны «Аудан атауының өзгеруінен шошитын дәнеңе де жоқ. Қыз бала бойжеткен соң тұрмыс құрып, жарының тегін алары сөзсіз. Ол бәріміздің басымыздан өткен жағдай. Басында үйренісе алмайсың. Кейін бұрыннан сол текте сияқты болып кетесің» деген ұсынысын айтты. Бүгінде аудан тұрғындарының 90 пайызға жуығы атаудың өзгергенін қолдап отыр. Ал қарсылық білдіріп жүргендер дәлел-дәйексіз жайттарды сылтауратып жүр. Олар да аудан атауы өзгерген жағдайда құжаттарды өзгерту керек боламыз, ол дегенің әр отбасы үшін қып-қызыл шығын деген қате түсінік бар. Ал әкімдік пен халыққа қызмет көрсету орталық мамандары құжат ауыстыруда еш қиындық та, қаржылай шығын да болмайтындығын айтып әлек. Аудан атауы ауысты екен деп төлқұжаттарды ауыстырудың қажеттігі жоқ. Ал «Бәйтерек» деген атау өз басыма қатты ұнайды. Бәйтерек- ежелгі таным бойынша жердің дәл кіндігінде өсетін, тамыры жерасты, діңі адам әлемі, басы рухтар мекені болып табылатын көк тіреген алып ағаш. Бүгінде біздің ауданда 37 ұлттың өкілдері тұрады. Заман талабына сай ауданымыздың атауы өзгеріп, жаңа тынысы ашылып, көп ұлтты халық сол бәйтеректің саясында бейбіт те бақытты ғұмыр кешсе екен деймін. Осы ұсынысымыз Үкімет тарапынан қолдау тауып, оң шешімін табады деген сенімдемін,-деп қорытындылады сөзін Қадырбай ақсақал.
Жер-су атауы мен аудан-ауылдарды, көше атауларын қазақыландыру ең алдымен елдікке, халқымыздың болашағына, келешек ұрпаққа ауадай қажет нәрсе. Бұл – сана тәрбиесінің өзекті саласы, аса маңызды буыны. Сондықтан да жер-су, елді-мекен атауын қазақыландыру – мемлекеттік маңызы бар көкейкесті мәселе. Бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпақ түгілі, ешқашан босаңсытуға болмайды. Біз жер-суымыз бен елді-мекендеріміз толықтай қазақыланған елде өмір сүргенде ғана өзіміздің тәуелсіз елдің азаматы екенімізді толыққанды сезіне алмақпыз.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
«Орал өңірі»