25 мам, 2021 сағат 12:10

«Бәйтерек» холдингі 200 млрд теңгеге облигациялық несие тартады


«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі 10 жыл мерзімге 200 млрд теңге облигациялық несие тартып, оны өзінің еншілес кәсіпорындары арқылы таратады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үкімет отырысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Айдар Әріпханов қаражат қандай шартпен тартылатынын түсіндірді. 

«Біз Ұлттық банктің қаражатынан өтеу мерзімі 10 жыл және сыйақы мөлшерлемесі жылдық 7 пайызбен 200 млрд теңге көлемінде облигациялық несие тартуды жоспарлап отырмыз. Холдингтің облигацияларын орналастырудан түскен қаражат мынадай бағыттар бойынша жұмсалады. 100 млрд теңге Қазақстан тұрғын үй копаниясы арқылы әкімдіктерді қаржыландыруға, 7,1 пайызы, оның ішінде 2 млрд теңге азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін инфрақұрылымды дамытуға және 50 млрд теңге бизнесті дамытуға бағытталады», - дейді Айдар Әріпханов. 

Холдинг басшысының айтуынша, қалған 100 млрд теңге агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларына бағытталмақ. 

«Холдингтің еншілес ұйымдары арқылы қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясына – 34,1 млрд теңге, Қазақстанның даму банкіне – 32,2 млрд теңге, «Қазына Капитал Менеджментке» – 33,7 млрд теңге көлемінде бөлінетін болады», - деді холдингтің басқарма төрағасы.