Фото:inbusiness.kz
Қазақстанда 1 млн-нан астам адамның табысы 50 мың теңгеден аз. ULT.KZ-ке сұхбат берген экономист Мұрат Қастаевтың пікірінше, елде кедей адамдардың көбеюінің бірден бір себебі тауар бағасы өсіп, халықтың табысы артпағаны.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда 1 млн-нан астам (халық санының 5,1%-ы) адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз адамдар саны 1,1%-ға артты.
Елде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың көбі Түркістан облысында тұрады – 188,5 мың адам (облыс халқының 8,8%). Одан кейін Жетісу – 54,2 мың адам (7,8%) және Абай облысында – 46,5 мың адам (7,7%).
Ең төменгі кедейлік деңгейі Қарағандыда –33,6 мың адамға, ал Атырау облыстарында 21,4 мың адамға жеткен.
Айта кетелік, 2024 жылдың екінші тоқсанында жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі орта есеппен айына 49,9 мың теңгені құрады. Ал 2024 жылдың бірінші тоқсанында орташа айлық жалақы 382,2 мың теңгені құрады.
Экономист Мұрат Қастаевтан қазба байлығы мол, халық саны аз Қазақстан сияқты елде кедейлердің саны 1 млн-ға жетуіне не себеп екенін сұрадық.
«Халықтың жағдайы ауырлап бара жатқанының бірден-бір себебі – ол бағалардың өсуі және халық табысының өсуі бағалардан қалып жатқанында. Еліміздің халық саны бізде орташа есеппен жылына 1,5 пайызға артып отырады. Яғни, адам басына шаққанда экономика кем дегенде сол деңгейге өсу керек. Экономикамыз осы жылы 4 пайыз шамасында өсіп отыр. Оның 1,5 пайызы жоғарыда айтылғандай халықтың өсуіне кетсе, таза адам басына шаққандағы экономикалық өсім 2,5 пайыз мөлшерінде дейік, және орта есеппен алғанда еліміз бойынша халықтың табысы да сол мөлшерде өсуі тиіс (инфляцияны санамағанда)», -дейді ол.
«Халықтың табыс деңгейі соңғы 2 жылда 20 пайызға өсуі тиіс еді...»
Алайда экономистің сөзінше инфляция деңгейі былтыр 10 пайыз шамасында болса, биыл 8,4 пайыз мөлшерінде. Сондықтан:
«Инфляция деңгейімен ілесуі үшін, халықтың табыс деңгейі соңғы 2 жылда 20 пайызға өсуі тиіс еді. Әрине, ондай табыстың өсуі халқымыздың тек аз ғана бөлігі сезген шығар, ал елдің басым бөлігінің табысы бұрынғыдай қалды, не сәл ғана өсті. Сондықтан жалпы өмір сүру деңгейі түсіп бара жатқаны сезілуде. Халық оны күнделікті дүкен-базарларға барғанда, импорттық тауарларды сатып алғанда өз қалтасынан сезеді. Ал осы теріс үрдісті керу бұру үшін халықтың табысы кем дегенде инфляция деңгейінен қалмай өсуі керек, ал өмір сүру деңгейі көтерілуі үшін инфляциядан озып өсуі тиіс. Ол үшін Үкімет жеке бизнестің дамуына барынша жағдай жасауы қажет. Себебі жаңа жұмыс орындарын құратын да, жалақылардың көтерілуін қамтамасыз ететін де – жеке бизнес. Сонымен қатар Үкімет Ұлттық банкпен қоса инфляциямен күресуі керек, ол үшін бюджет шығындарын азайтып, бюджет дефицитін жойып, отандық тауарлардың өндірісін дамыту қажет», -дейді М. Қастаев.
«Халықтың жағдайы нашарлай берсе, ол әлеуметтік толқуларға әкелуі мүмкін»
Бір жағынан бағалардың өсуі тежеліп, екінші жағынан халықтың табысы өсіп жатса, сол кезде ғана күнкөріс деңгейі жоғарылай бастайды екен. Мұрат Қастаевтың айтуынша егер халықтың жағдайы нашарлай берсе, ол әлеуметтік толқуларға әкелуі мүмкін.
«Болашақта «қанды Қаңтар» оқиғасы қайталануы әбден ықтимал. Билік «Қаңтар» жайлы не десе де, халықтың көшеге шығуының бірден-бір түпкі себебі – әлеуметтік жағдайдың төмендеуі. Ал байлықтарымыз көп, халқы аз Қазақстанда неге кедейлердің саны өсіп жатқанына себеп – елдің табысы халыққа таралуындағы үлкен теңсіздік. Сондықтан байлар байып жатады, кедейлер кедей болып бара жатады.
Теңсіздікті жою үшін салық жүйесін өзгерту қажет, жемқорлықпен күресу керек, адал құқық қорғау және сот жүйесін құрған дұрыс, және ең бастысы – халықтың білім деңгейін көтеру. Экономиканы дамытатын, жаңа технологияларды зерттеп, игеріп, іске қосатын – адамдар, яғни жұмысшылар технологиялар, білім жағынан озат болса, экономика да сондай болады», -дейді сарапшы.