12 шіл, 2022 сағат 14:42

Байланыс сапасы үшін операторларға салынатын айыппұл 10 есе өсті


Цифрлық даму министрлігі өкілдері Қазақстанда Интернет сапасының төмендігі үшін айыппұл мөлшері қалай өзгеретінін айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Кеше Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұған дейін Президент байланыс саласындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуді, интернет-байланыстың нақты параметрлерінің операторлар мәлімдеген параметрлерден айтарлықтай алшақтығы үшін жауапкершілікті енгізуді және қатаңдатуды тапсырған болатын.

Тапсырманы іске асыру үшін Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі депутаттық корпуспен бірлесіп, операторлардың пайдаланушыларға стандарттарға, техникалық нормалар мен сапа көрсеткіштеріне сәйкес келмейтін байланыс қызметтерін көрсеткені үшін жауапкершілігін күшейтуге бағытталған шараларды әзірледі.

Енді бұзушылықтар анықталған жағдайда байланыс операторлары 100 АЕК орнына 1000 АЕК-ке айыппұл салады, ал бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда айыппұл сомасы 200-ден 1500 АЕК-ке дейін өседі" - делінген хабарламада.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жүргізген талдау көрсеткендей, байланыс сапасының нашарлығына шағым саны 10 есе өсіп отыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша министрлік 562 тексеру жүргізген (2020 жылы 51 тексеру, ал 2019 жылы 93 тексеру жүргізілді).

"Операторға қатысты байланыстың немесе Интернеттің нашар сапасына тексеру жүргізу үшін қазақстандықтар ресми өтінішті Телекоммуникациялар комитетінің (ЦДИАӨМ) не тиісті облыс министрлігінің аумақтық байланыс инспекциясының мекенжайына «электрондық үкімет» порталы, «Е-Оtinish» өтініштер беру жүйесі арқылы не қағаз түрінде жолдаулары қажет. Өтініште шағымның мәнін, байланыс операторының атауын және тексеру жүргізу қажет өтініш берушінің нақты мекенжайын көрсету міндетті.

Өтінішті алғаннан кейін прокуратура органдарында тексеруді тағайындау туралы акт тіркеледі. Тексеру барысында көрсетілетін байланыс қызметтерінің сапасы бойынша өлшеулер жүргізіледі. Операторға қатысты бұзушылықтар анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабына сәйкес айыппұл түрінде әкімшілік хаттама жасалады және лауазымды тұлға белгілеген мерзімге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізіледі" - делінген ведомство хабарламасында.