Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Байқоңыр» кешені Ресей Федерациясының жалға алуы жағдайында 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді.
«Жалға беру туралы шешім 1994 жылы қабылданды, бұл кезде Қазақстанның ауыр экономикалық жағдайда «Байқоңыр» ғарыш айлағын ұстау және пайдалану мүмкіндігі болмаған еді. Жасалған жалдау шартына сәйкес, Ресей Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағын өзінің ғарыштық бағдарламаларын орындау үшін пайдалану құқығымен ұстау жөнінде өзіне міндеттеме алды. Жалға беру шартына сәйкес «Байқоңыр» кешені жалға беру мерзімін келесі 10 жылға ұзарту мүмкіндігімен Ресей Федерациясына 20 жылға жалға берілді», - деп тоқталды Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин.
Оның айтуынша, жалға беру шартынан басқа «Байқоңыр» кешенінің қызмет етуінің түрлі мәселелерін реттейтін тағы 70-ке жуық халықаралық шарттарға қол қойылды.
«Байқоңыр» ғарыш айлағы сақталып, ойдағыдай жұмыс істеуде. Республикалық бюджетке жыл сайын «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін 115 млн АҚШ доллары сомасында жалақы түседі. «Байқоңыр» кешенін жалға алған 27 жыл ішінде республикалық бюджетке шамамен 3,1 млрд АҚШ доллары түсті. Тараптардың өзара мүдделерін ескере отырып, 2004 жылы «Байқоңыр» кешенін жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. Бұл ретте 2004 жылғы 9 қаңтардағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы мемлекетаралық келісімде Қазақстанның ғарыш айлағында бірлескен жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктері, сондай-ақ ғарыш айлағын жаңғырту, жаңа экологиялық қауіпсіз ғарыш зымыран кешендері арқылы ғарыш айлағы қызметінің экологиялық қауіпсіздігін арттыру көзделген», - деді министр.
2020 жылғы қаңтарда қол қойылған Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы әзірленді және іске асырылуда. Ол кәсіпкерлікті, туризмді дамытуды, инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жөніндегі жұмыстарды жүргізуді, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздейді.