Фото: Depositphotos.com / PlottyPhoto
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдегі масамен күрес тәсілін қалай өзгерткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Биыл Павлодарда жылдағыдай маса жоқ. Бұл қалай болды? Сіз дұрыс тапсырма бере алдыңыз ба, әлде басқа құпиясы бар ма», - деп сұрады БАҚ өкілі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Әкімнің айтуынша, ғалымдар жауапты органдарға дұрыс нұсқау бере білген.
«Шын мәнінде масаның таралуына ықпал ететін фактор өте көп. Күн райы да, дәріні уақытында шашу да маңызды. Диқандардың «Жаздың бір күні – қыстың мың күні» дейтін сөзі бар емес пе?! Яғни, бір күн қапы қалса, бүкіл маусым зая кетеді. Маса мәселесінде де осындай алгоритм керек. Бір күнді де бос кетіріп алуға болмайды. Сондай дұрыс тапсырма беру маңызды. Бұл жерде ғалымдардың сауаттылығы шешуі фактор болды», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін масаға қарсы дәрі әуеден 27 мың гектар алқапқа ғана шашылып келген. Ал биыл масаның көбеюіне қолайлы деп есептелетін 71 мың гектардан астам алқапқа дәрі себілген.
«Сондай-ақ, біз алғаш рет Ертістің арнасын ғана емес, салаларын да дәріледік», - деді Асайын Байханов.