Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы,
Ағыбет ауылынан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында дене шынықтыру-сауықтыру
кешені салынуда, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Түркістан облысы әкімдігінің
баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спорт кешенінің аумағы – 0,60 га. Жобаға сәйкес нысанда бір ауысымда 20
оқушы жаттығады. Жаттықтырушы залы, киім ауыстыру мен жуынатын және медпункт,
құрал-жабдықтар сақтайтын бөлмелері қарастырылған. Тұрақты жұмыспен 4 адам қамтылатын
болады.
Құрылыс жұмыстарын биыл қараша айында аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беру
жоспарлануда. Есіркеп батыр атындағы
жалпы орта мектебінің спорт залы мен бір бөлмесін пайдаланып жатқан ағыбеттік
100-ден аса жасөспірім осы жылдың соңында жаңадан іске қосылатын дене
шынықтыру-сауықтыру кешенінде спорттың бірнеше түрінен шынығып, шыңдалатын
болады.
Ағыбет ауылының тұрғындары құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан спорт кешені салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін, жастарды бұқаралық спортқа тартатын тәрбие ошағы болатынына сенімді.