15 жел, 2018 сағат 00:06

Бәйдібек ауданы жұртшылығы Тәуелсіздік күнін атап өтті

Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы мәдениет үйінде халқымыздың ең қымбат, ең асқақ мерекесі 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні салтанатты түрде аталып өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аудан әкімі Бақытбек Танагөзов тұрғындарды мерекемен құттықтады.

«Бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Қазақта: «Бағаламағаннан бақ көшеді» деген сөз бар. Бұл мақалды айтып тұрған себебім, бүгінгі мереке - мерекелердің ең ұлығы, мерекелердің төресі. Осы тәуелсіздікке жете алмай көптеген халықтар қиыншылық көруде. Бүкіл Дүние жүзі бойынша мыңнан аса ұлттар мен ұлыстар бар екен. Соның ішінде тек қана екі жүз ұлттың өз алдына мемлекеті бар. Ол деген сөз арғы жағындағы сегіз жүзден аса ұлт пен ұлыстар бір мемлекеттің қарамағына кіріп, солардың дегенімен жүруде.

Ал енді, осындай бір бақтың, берекенің, жақсылықтың бізге келе қалуы ғанибеттің ғанибеті болып тұр. Мынау тәуелсіздікті мойындау, бағалау, құрметтеу, бұл - ең қажетті дүние. Кеше, өздеріңіз білесіздер, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» деген үлкен мақала жариялады. Оны біздің көршілес түркі мемлекеттер мойындап, бірден осы мақалаға үн қатып, осындағы айтылған мәселелерге жауап қайтарды. Мақсат – ұлы даланы таныту», - деді ол.

Жылдың қорытындысы негізінде ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі мен қоғамдық қызметте сіңірген белсенді еңбегі үшін түрлі салалар бойынша жыл үздіктері де мерекелік шара барысында марапатталды. Одан соң, аудандық мәслихат хатшысы Мұқадас Нақыпбеков, «Нұр Отан» париясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тұрсынәлі Дүйсенбеков құттықтау сөз сөйлеп, аудандық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясының грамоталары мен «Алғыс хаттарын» бір топ озаттарға тапсырды.

Мерекеде аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары өнер көрсетті.