Ресейлік энергия тасымалдаушыларына салынған тыйым қазақстандық мұнайдың транзитіне әсер етпейді. Бұл туралы Қазақстандағы АҚШ елшілігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Айта кетейік, 8 наурызда АҚШ президенті Джо Байден Ресейді экономикалық ресурстардан айыру үшін, АҚШ-қа Ресейден мұнай, сұйытылған газ және көмірді импорттауға тыйым салатын жарлыққа қол қойған болатын.
"Аталған жарлық Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) арқылы қазақстандық шикі мұнай саудасына тыйым салмайды, өйткені КҚК тарату жүйесі шикі мұнайдың түрлі көздерін бөліп, Ресейден шығарылмайтын шикі мұнайды бөлек белгілеуге және тиеп жіберуге мүмкіндік бере алады. Импортқа тыйым салу Ресей Федерациясынан АҚШ-қа белгілі бір өнімдерге қатысты", - делінген хабарламада.